📰 Сарапшылар пікірі

"Азаматтық борыш емес, қорқыныш көзі": Әскерге күштеп әкету тыйылады ма?

Соңғы жылдары халықаралық ахуал мен геосаяси тұрақсыздық қауіпсіздік мәселесін алдыңғы орынға шығарды. Қазақстан бейбіт ел, десе де бейбітшілік мәңгілік емес екенін әлемдегі оқиғалар дәлелдеп отыр. Осы тұста елдің қорғаныс қабілетін күшейту, әскердің заманауи талаптарға сай болуын қамтамасыз ету стратегиялық міндетке айналып отыр. Ал жастар керісінше, әскерден қашып әлек. Себебі күштеп әкету, одан қала берді әлімжеттік мәселесі де тыйылмай тұр. Сарапшының ойынша, әскердің беделі жыл сайын төмендеп келеді. Ozgeris.info тілшісі тақырыпты халықаралық қауіпсіздік жөніндегі сарапшының пікіріне сүйеніп зерттеп көрді. 

Қоғамда әскери қызметке қатысты алаңдаушылық пен үрей артып келеді. Қостанай облысында болған жағдай халықты дүрліктіріп жіберді. Білім алып жатқан студенттерді емтихан кезінде күштеп автобусқа отырғызып, әскерге әкеткен. Бұл аңды ма? Мұндай тәсіл қаншалықты әділетті?

Шын мәнінде, азаматтарды шақыру процесі Қорғаныс министрлігіне емес, жергілікті атқарушы органдарға, яғни әкімдіктер мен полицияға жүктелген. Олар әскери міндетін өтеуі тиіс азаматтарды анықтап, әскери военкоматқа жеткізуге міндетті. Ал қоғам наразылығы көбінесе Қорғаныс министрлігіне бағытталады. Азаматтарда үрей мен әділетсіздік сезімі басым.

«Бір жағынан заң бар, ал екінші жағынан адамдардың қорқынышы, түсінбестік пен сенімсіздігі басымырақ. Бұл моральдық қақтығысқа айналып отыр», - дейді халықаралық қауіпсіздік жөніндегі сарапшы Эмин Джаббаров.

Беделі түсіп бара жатқан әскери қызмет: жастар неліктен әскерден қашады?

Жастардың көпшілігі үшін бүгінгі әскер азаматтық парыз емес, қорқыныш көзі. Әлімжеттік, суицид, командирлердің немқұрайдылығы, моральдық қысым жиі тіркелетін оқиғаларға айналды. Аталмыш жағдайлардан кейін жастардың әскерге барғысы келмейді.

«Біз екі жолдың бірін таңдауымыз керек. Не мерзімді әскери қызметтің беделін көтеруіміз керек, не заңды қайта қарауымыз қажет. Егер мемлекет азаматты әскерге шақырса, онда оның алдындағы міндетін де орындауы тиіс. Яғни әскери қызмет қауіпсіз, әділ және мағыналы болуы керек», - дейді сарапшы.

Маманның айтуынша, офицерлердің даярлығынан бастау маңызды. Себебі армия мәдениеті ең алдымен офицерлерден қалыптасады. Сарапшының айтуынша, қазіргі офицерлерге қойылатын талаптар түбегейлі өзгеруі тиіс.

«Лидерлік, стратегиялық ойлау, команда басқару, дипломатия, міне, бүгінгі офицерге қажет негізгі дағдылар. Қазір бұл жоқ. Оның орнына біз әлімжеттікке, этикадан жұрдай әрекеттерге, абьюзге куә боламыз», - дейді сарапшы.

Офицер тек бұйрық беруші емес, ол тәртіпті, парасатты, моральдық тұрғыда мықты тұлға болуы тиіс. Этикалық тәрбиесі жоқ армияда әділдік те, абырой да болмайды.

Жақсы мысал ретінде Мемлекеттік күзет қызметін келтіруге болады. Аталмыш құрылымда офицерлер өзін-өзі дамытуға, спортқа, оқуға және этикалық кодекске сүйенеді. Олар халықаралық жарыстарға қатысады, арнайы әнұраны бар, өз ортақ рухын қалыптастырған.

«Олар офицерлік бұрыш жасап, кітап оқиды, спортпен айналысады, рух береді. Міне жұмыс істейтін жүйе осындай болуы керек. Қарапайым болса да, өте тиімді», - дейді Джаббаров.

Кәсіби әскер құру: не үшін және қалай?

Қазір әскери міндетті қызмет жүйесі ел үшін тиімсіз бола бастады. Қазақстан халқы аз мемлекет, әрбір азамат қымбат. Сондықтан елімізге жаппай емес, кәсіби, технологиялық, аз болса да, сапалы әскер қажет.

«Бізге үлкен армия емес, мықты, кәсіби және технологиялық армия керек. Әскер идеологиялық тұрғыдан дайын, жоғары ақылы, жауапкершілігі бар мамандардың орны болуы тиіс. Бұл қазіргі заман талабы», - дейді сарапшы.

Кәсіби армия дегеніміз ақылы келісімшарт бойынша қызмет ететін, арнайы дайындықтан өткен, мотивациясы бар адамдар. Оларға міндетті түрде жақсы жалақы төленуі керек. Әйтпесе патриотизм туралы айту бос әңгімеге айналады.

«Офицерге 300-400 мың теңге төлеп, одан ел үшін жанын салуды талап ету әділетсіздік деп ойлаймын. Олар елде кім қалай өмір сүріп жатқанын көріп отыр. Ішкі наразылық осылай туады. Әскердегі өмір дегеніміз 24/7 дайындық. Әскери қызметкердің телефоны үнемі қосулы, кез келген сәтте шақырту болуы мүмкін. Ал оның тыныш өмірі тек отставкадан кейін басталады», -дейді Джаббаров.

Офицерлерлердің көпшілігі өмір бойы алыс гарнизондарда қызмет етеді. Мысалы Аягөз, Атар сияқты қалашықтарда жылдар бойы тұрып, өз балаларын ауыл мектебіне береді. Олар қалалық инфрақұрылымнан тыс өмір сүреді, медицина, білім, бос уақыт мүмкіндіктерінен айырылады. Зейнетке шыққанда 300-400 мың теңге көлемінде зейнетақы алады.

«Сонда олар бар өмірін Отан үшін сарп етіп, соңында ештеңесіз қалады. Офицерге кемінде 800 000 теңге төлеу әділетті шешім болар еді. Осы сома олардың моральдық және кәсіби жауапкершілігіне сай келетін ең төменгі деңгей. Бұдан бөлек, армияда офицерлердің уақытын босқа алатын істер бар. Тіпті кейде шөп бояп, құм тасып жүреді. Бұл жағдай кәсібилікке кері әсер етеді», - дейді сарапшы.

Соғыс сипаты өзгерді: Қазақстан дайын ба?

Қазіргі соғыстардың сипаты түбегейлі өзгерді. Бүгінде майданға керегі толып тұрған сарбаздар емес, технологиялар, жасанды интеллект және дрондар маңызды.

«Бүгінгі соғыс дрондар мен арзан құралдар арқылы қарсыластың әлсіз жерін дәл соғу. FPV-дрондардың көмегімен стратегиялық авиация немесе мұнай инфрақұрылымы көз алдыңда жойылады. Ал бұл шабуылдарға төтеп беретін жүйе Қазақстанда жоқ», - дейді сарапшы.

Қазақстанның әуе қорғаныс күштері ескірген. S-300 зениттік кешендері ескі, ал жаңа жүйелер қымбат әрі жетіспейді. Елде дрондарға қарсы кешенді қорғаныс жүйесі қалыптаспаған. РЭБ, лазер, оптикалық бақылау сияқты элементтер бар, бірақ бірыңғай басқару мен оқу-жаттығу орталықтары жоқ.

«Қазір бірде-бір ұрыс алаңы дронсыз өтпеуі керек. Әр оқу-жаттығу дрондармен жасалуы қажет. Бұл болашақтың соғысы. Дрондарды басқару да өнер. Тіпті телестудияда жұмыс істейтін операторлар қазірдің өзінде әскери дрондарға икемді», - дейді Джаббаров.

Әуе қорғаныс күштері Ресеймен біріктірілген радиолокациялық желі арқылы жұмыс істейді. Ал ол тәуелділік Қазақстанның қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді дейді сарапшы. Автономды жүйе жоқтың қасы.

«30 жылда жаңартылмады. Израильдік жүйелермен байланысты жемқорлық жанжалынан кейін жаңа техника сатып алынған жоқ. Қазір кейде жауды анықтаудың жалғыз жолы шатырға шығып, көзбен көру», - дейді сарапшы.

Әскерді қайта құруды ойлау қажет

Сарапшының пікірінше, ел армиясы өзгеруі керек. Уақыт талабына сай офицерлерді жаңа модельмен дайындау, кәсіби әскерге көшу, дрондар мен әуе қорғанысы күштері саласын дамытуға көңіл бөлу керек.

Эмин Джаббаров бұл бағытта үш нақты ұсыныс айтады.

Біріншіден, офицер даярлау жүйесін өзгерту. Лидерлік, стратегиялық ойлау, коммуникация мен шешім қабылдау дағдыларына басымдық беру қажет. Екіншіден антидрондық жүйені құру. Радиоэлектронды күрес, оптикалық құралдар, лазерлер барлығы бір орталықтан басқарылуы керек. Үшіншіден, міндетті қызметті реформалау. Келісімшартқа көшу немесе шақыру жүйесін ашық әрі әділетті ету керек..

«Біз кәсіби, беделді армияны қалаймыз. Офицер тек жауынгер емес, ол менеджер, стратег, ойшыл.Қазақстан армиясы халықаралық стандарттармен бәсекелесе алуы тиіс. Егер біз бұл туралы жиі айтатын болсақ, бәлкім, “жоғарыдағылар” да естіп қалар», - дейді Эмин Джаббаров.

Барлық жаңалық