Алматы автобусында орынға таластан басталған жанжал желіде дау тудырды. Видеодағы кадрларда екі ер адам төбелес ашып, үшіншісі тапа-тал түсте пышағын ала жүгірген, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Түрксіб аудандық полиция басқармасы болған жанжал фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Азаматтардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті бұзған күдіктілер дер кезінде ұсталып, Алматы қалалық Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Жанжалға қатысқан әрбір тұлғаның әрекетіне принципті әрі заңды баға беріледі.
Мұндай агрессивті әрі қоғамға қауіп төндіретін мінез-құлыққа жол берілмейді. Кінәлілер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қатаң жауапқа тартылады.
Тәртіп сақшылары азаматтарды арандатушылыққа бой алдырмауға және кез келген келіспеушілікті күш қолданусыз, тек бейбіт әрі заңды жолмен шешуге шақырады.