📰 Сарапшылар пікірі

Арзан көлік – қауіпті келісім: екінші нарықтағы алаяқтық неге көбейді?

Арзан көлік – қауіпті келісім: екінші нарықтағы алаяқтық неге көбейді?

Қазақстанда қолданылған автокөлік нарығы ерекше қарқын алды. Жаңа көліктердің қымбаттауы, несие шарттарының қатаюы және халықтың сатып алу қабілетінің өзгеруі көптеген азаматты екінші нарыққа бет бұруға мәжбүр етті. Алайда дәл осы сегмент алаяқтар үшін ең «ыңғайлы кеңістікке» айналып отыр, деп жазады Ozgeris.info.

Finratings.kz сарапшыларының айтуынша, мұнда жасалатын келісімдердің басым бөлігі жеткілікті тексерусіз жүзеге асады, ал бұл өз кезегінде қаржылық шығынға әкелетін қауіптерді еселей түседі. Қолданылған көлік нарығындағы басты мәселе – ақпараттың толық ашық болмауы. Көлік тарихы, техникалық жағдайы, меншік иелері туралы деректер әрдайым қолжетімді емес. Осыны пайдаланған алаяқтар жалған хабарландырулар жасап, азаматтардың сеніміне кіреді. Әсіресе, бағасы нарықтағыдан айтарлықтай төмен ұсыныстар жиі кездеседі. Мұндай жағдайда сатушы көлікті шұғыл сату қажеттігін айтып, сатып алушыны асықтырады.

Бұл тәсілдің артында нақты психологиялық есеп жатқанын айтады. Адам «тиімді ұсынысты» жіберіп алмау үшін тез шешім қабылдауға бейім келеді. Нәтижесінде тексеріссіз ақша аударып, кейін алданғанын кеш түсінеді.

«Қолданылған көлік нарығында алаяқтардың ең негізгі құралы – сенім мен асығыстық. Адамға уақыт бермей, тез шешім қабылдату – олардың басты тактикасы. Бағаның төмен болуы, “тағы бірнеше сатып алушы бар” деген қысым – бәрі алдын ала ойластырылған сценарий. Егер мәміле сізді асықтырып жатса, демек ол жерде қауіп бар. Себебі адал сатушы ешқашан сатып алушыны мәжбүрлемейді, керісінше көлікті толық тексеруге мүмкіндік береді», дейді Finratings.kz сарапшысы Әсел Қаженова.

Алаяқтардың ең кең таралған әдістерінің бірі – алдын ала төлем сұрау. Көлікті «броньдау» үшін немесе «басқа сатып алушылардан қалмау» үшін белгілі бір соманы аудару ұсынылады. Ақша жіберілгеннен кейін сатушы байланысқа шықпайды. Сонымен қатар жалған хабарландырулар да жиі кездеседі. Қаскөйлер нақты көліктің суреттерін көшіріп алып, басқа байланыс деректерімен қайта жариялайды. Бағаны төмендетіп, қызығушылықты арттырады.

Қашықтан сату схемалары да қауіпті. Сатушы өзін басқа қалада немесе шетелде жүргенін айтып, көлікті жеткізіп беруді ұсынады. Алайда бұл үшін алдын ала тасымал ақысын талап етеді. Мұндай жағдайда сатып алушы көлікті көрмей-ақ ақша аударады. Нәтижесінде келісім жүзеге аспайды. Маусымдық ұсыныстар да алаяқтардың назарынан тыс қалмайды. Қыста қар көліктері, жазда квадроциклдер арзан бағамен ұсынылады. Көлікті тексеру мүмкін емес, ал алдын ала төлем міндетті шарт ретінде қойылады. Мұндай жағдайда тәуекел бірнеше есе артады.

Кейінгі уақытта алаяқтықтың күрделене түскені байқалады. Кейбір жағдайларда қаскөйлер өздерін шетелдік азамат немесе халықаралық компания қызметкері ретінде таныстырып, алдымен көлік туралы сөйлеседі. Кейін әңгіме инвестицияға ауысып, «тиімді жобаға» ақша салуды ұсынады. Бұл – әлеуметтік инженерияның заманауи түрі.

«Қазіргі алаяқтық бұрынғыдай қарапайым схемалармен шектелмейді. Олар адамның психологиясын терең зерттеп, сенім қалыптастыру үшін ұзақ уақыт байланыста болады. Тіпті кей жағдайда бастапқыда аз мөлшердегі ақшаны қайтарып беріп, өзін адал ретінде көрсетеді. Бұл – жәбірленушіні толық сендіру үшін жасалатын қадам. Кейін адам ірі соманы ойланбастан аударады. Мұндай жағдайда эмоцияға ерік беру – ең үлкен қателік», дейді сарапшы.

Изображение пина-истории

Алаяқтық тек сатып алушыларға ғана емес, сатушыларға да қауіп төндіреді. Жалған сатып алушылар көліктің VIN-кодын көрсетуін сұрап, бейнеқоңырау арқылы экранды бөлісуді талап етеді. Сол сәтте телефонға келген SMS-кодты қолға түсіріп, түрлі аккаунттарға қол жеткізуі мүмкін. Сонымен қатар жалған «техникалық қолдау қызметі» арқылы жеке деректерді алдау фактілері де жиілеген.

Демек мұндай қауіптерден қорғанудың жалғыз жолы – барынша сақтық таныту. Көлікті міндетті түрде көзбен көріп, техникалық жағдайын тексеру қажет. Құжаттардың түпнұсқалығына көз жеткізбей, ешқандай қаржы операциясын жүргізуге болмайды. Күмәнді сілтемелерге өтпеу, SMS-кодтарды ешкімге бермеу – цифрлық қауіпсіздіктің негізгі талаптары.

«Екінші нарықтағы қауіпсіздік – тек мемлекетке немесе құқық қорғау органдарына ғана байланысты емес. Бұл – ең алдымен әр азаматтың жеке жауапкершілігі. Қарапайым ережелерді сақтау арқылы көптеген тәуекелдің алдын алуға болады. Кез келген мәміледе “тым жақсы ұсыныс” деген ұғымға күмәнмен қарау керек. Себебі нарықта негізсіз арзан баға болмайды. Әрбір шешім тек тексерілген дерекке сүйеніп қабылдануы тиіс», деп түйіндейді Әсел Қаженова.

 

Барлық жаңалық