📰 Сарапшылар пікірі

Әріптестердің туған күніне ақша жинауға бола ма?

Әріптестердің туған күніне ақша жинауға бола ма?

Кеңседе біреу туған күнін атап өтсе, әріптестер болып ақша жинау көптен бар әдет. Бірақ кейінгі жылдары мобильді аударымдар көбейген соң көп адамда бір сұрақ пайда болды. Осындай аударымдар салық органдарының назарын аудармай ма деген алаң бар. Осы мәселеге Қаржы вице министрі Ержан Біржанов нақты жауап берді. Ол бұл мәселені журналист Жания Уранкаевамен әңгіме барысында егжей-тегжейлі түсіндірді, деп жазады Ozgeris.info.

 

Вице-министрдің айтуынша, мобильді аударымдардың бәрі жүйеде көрінеді, бірақ әр аударым автоматты түрде күдік тудырмайды. Мемлекет күнделікті тұрмыстық, ұжымдық мақсаттағы ақша жинауға шектеу қойып отырған жоқ. Яғни, әріптестер арасында туған күнге, ортақ шараларға жиналған қаражат үшін ешкім жауапкершілікке тартылмайды.

 

«Біз бұл сұрақты бірнеше рет түсіндірдік. Егер бір адамға ай сайын қатарынан 3 ай бойы 100 түрлі адамнан ақша түсіп отырса, бұл тұрақты табысқа ұқсайды. Мұндай жағдай күдік тудырады. Себебі бір адам әр ай сайын әріптестерінен туған күнге немесе басқа шараға ақша жинай алмайды. Ал егер адам әріптестерінен бір рет ақша жинаса, екінші рет тағы бір ортақ мақсатпен жинаса, біз оны көреміз, бірақ оған ешқандай шара қолданбаймыз. Егер адам тауар сатып, әртүрлі адамдардан жүйелі түрде ақша алып отырса, оны да жүйе арқылы көреміз. Бірақ осындай факторлар анықталды екен деп бірден айыппұл салып, тексеріс жүргізбейміз», деді Ержан Біржанов.

Бұл жерде басты айырмашылық ақша жинаудың сипатына байланысты. Бір реттік, түсінікті мақсаттағы аударымдар мәселе тудырмайды. Ал тұрақты түрде көп адамнан қайталанып келетін түсімдер кәсіпкерлік белгісі ретінде қаралуы мүмкін.

 

Ержан Біржанов бұған дейін салық органдарында әр азаматқа қатысты цифрлық қаржы картасы бар екенін де айтқан. Бұл картада түрлі мемлекеттік базалардан жиналған мәліметтер сақталады. Онда адамның табысы, шығысы, қаржылық операциялары мен басқа да экономикалық әрекеттері көрініс табады. Осы деректер арқылы мемлекет адамның қанша табыс тауып, қанша шығындалып жүргенін салыстырып отырады.

 

Демек әріптестер арасында туған күнге немесе ортақ шараларға ақша жинау қалыпты жағдай болып қала береді. Ал тұрақты түрде белгісіз мақсатпен көп адамнан ақша қабылдау басқа әңгіме. Сондықтан қарапайым кеңселік дәстүр үшін алаңдаудың қажеті жоқ.

 

Мобильді аударымнан асса не болады?

 

Жалпы, осы төңіректе әңгіме көп. Біреу айыппұл салады дейді, біреу бірден тексереді деп қорқады. Осы күмәннің бәріне Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов нақты нүкте қойды. Ең бастысы, айыппұл бірден салынбайды. Вице-министрдің айтуынша, жеке шотқа күмән тудыратын ақша түсті екен деп, ешкімге автоматты түрде жаза қолданылмайды.

 

«Осындай жағдай анықталды екен деп, біз бірден айыппұл салмаймыз, тексеріс те тағайындамаймыз. Егер бір адамның картасына әртүрлі адамдардан тұрақты түрде ақша түсіп отырса, салық органдары алдымен хабарлама жібереді. Ол хабарламада ақша қайдан және не үшін түсіп жатқанын түсіндіріп беру сұралады. Біз адамға деректер бар екенін айтамыз да, түсіндіріп беруін сұраймыз. Ол қайырымдылықпен айналысып жүрмін деуі мүмкін, немесе бір игі іске жинап, кейін бәрін басқа мақсатқа аударғанын айтуы мүмкін. Мұның бәрін біз тексереміз және негізі болса, қабылдаймыз», дейді вице-министр.

Ал егер адам ұзақ уақыт бойы әртүрлі адамдардан тоқтаусыз ақша алып отырса, оның үстіне тауар сатып немесе қызмет көрсетіп жүргені көрініп тұрса, сол кезде ғана мәселе басқа арнаға бұрылады. Мұндай жағдайда адам бұрын жеке кәсіпкерлігін жапқан болуы мүмкін немесе әлі де кәсіпкер бола тұра, ақшаны жеке картасына алып жүрген болуы ықтимал. Осындай кезде салық органдары нақты шара қолданады.

Біржановтың айтуынша, қазіргі жүйе бұрынғыдан да жұмсақ. Бұрын болмашы күдік болса да тексеріс тағайындала беретін. Қазір нақты бірнеше шарт қатар орындалуы керек.

«Бұл критерийлердің бәрі бірдей іске қосылғанда ғана адам бақылауға алынады. Мұндай адамдар өте аз. Тіпті лимиттен асып кетсе де, біз айыппұл салмаймыз», деп атап өтті ол.

Салық органдары қандай жағдайда хабарлама жібереді деген сұраққа да нақты жауап берілді. Егер бір адамға қаңтарда 100 адамнан, ақпанда тағы 100 адамнан, наурызда тағы 100 адамнан ақша түссе және осы 3 айдағы жалпы сома 1 млн теңгеден асса, сонда ғана түсіндірме сұралады. Ал бұл жағдай әр айда емес, аракідік болып тұрса, ешқандай хабарлама жіберілмейді.

«Барлығымыз мобильді аударым қолданамыз, балаға ақша жібереміз, досқа қарыз береміз. Мұның бәрі заңды, мұндай аударымдарға қатысты сұрақ жоқ», деді Ержан Біржанов.

Көпшілікті алаңдатқан тағы бір сұрақ бар. Неге бәрі көктемді айтып жүр деген мәселе. Бұл да түсіндірілді. 2025 жылдың қарашасында мобильді аударымдарды талдаудың жаңа ережелері бекітілді. Соған сәйкес, банктер әр тоқсан сайын жеке тұлғалардың операциялары туралы мәліметті салық органдарына жолдайды.

Яғни, 2026 жылдың қаңтар, ақпан, наурыз айларындағы деректер 15 сәуірге дейін Мемлекеттік кірістер комитетіне түседі. Сол уақыттан кейін ғана талдау басталып, белгіленген талаптарға сай келетін азаматтарға хабарлама жіберіледі.

 

Барлық жаңалық