📰 Сарапшылар пікірі

Ақпаратқа ақы төлеу неге сән бола бастады? 

Бұрын интернетке кірсең болды – жаңалық көп, барлығы тегін. Қазір көп сайт оқырманға «жазылмайсыз ба?» деп сұрайды. Ақылы контент көбейіп, ақпаратқа да баға қойылатын уақыт келді. Мұндай құбылыс неге пайда болды? Оқырман не ұтады, не жоғалтады? Осы сұррақтарға ЕconomyKZ.org-тің тәуелсіз сарапшысы Индира Бейсекеева толымды жауап берді, деп жазады  Ozgeris.info.

Жылдар бойы біз жаңалықты емін-еркін оқып үйрендік. Ашсаң болды, алдыңда дайын мәтін. Ешкім ақша сұрамайды. Ал бүгінде жағдай өзгерді. Бір материалды оқып бола бергенде, экранда «ары қарай оқу үшін жазылыңыз» деген хабарлама шығады. Бұл өзгеріс кездейсоқ емес.

«Бұрын медианың негізгі табысы интернеттегі жарнама еді. Бірақ соңғы жылдары цифрлық жарнама көлемі азайды. Көп қаражат ірі платформалар мен әлеуметтік желілерге кетіп жатыр. Сол себепті жаңалық сайттарына бұрынғыдай табыс түспейді. Сапалы журналистика көп шығын талап етеді. Терең талдау, зерттеу материалдары, кәсіби редактура – бәрі ақша. Бұрын мұндай шығынды газет сатылымы мен жарнама өтейтін. Қазір бұл модель жұмыс істемейді. Сол үшін басылымдар жазылым арқылы табыс табуға көшті. Танымал авторларды ұстап тұру да оңай емес, жалақысы жоғары. Әлемдік медиада жазылым жүйесі мысал арқылы тез тарады. Мысалы, The New York Times 2020 жылдың бірінші тоқсанында жарты миллионнан астам жаңа жазылушы жинады. Кейін жазылушылар саны тоғыз жарым миллионға жуықтады. The Wall Street Journal мен The Washington Post та үлкен өсім көрсетті. Бұл басқа басылымдарға жазылым моделі жұмыс істейтінін дәлелдеді», дейді сарапшы Индира. 

Көп редакция өз құндылығы ерекше контент екенін түсінді. Егер бәрін тегін таратса, аудитория басқа платформаға кетеді. Сондықтан олар материалдарын тек жазылған оқырманға ұсына бастады. Бұл әдіс адал оқырман қауымын қалыптастырады. Бүгінгі ақпарат көп заманында басты басымдық – сапа және сенімді ақпарат. Сол үшін адамдар ақша төлеуге дайын.

Бұл жағдай қарапайым оқырманға да әсер етеді. Енді ақпарат үшін де ақша бөлу керек. Әсіресе Қазақстан азаматтарына бұл ауыр. Себебі көп жазылым бағасы доллармен белгіленеді. Мәселен, айына он немесе он бес доллар – біздің ел үшін едәуір сома. Ал дамыған елдерде бұл бірнеше кофе бағасына тең. Соның салдарынан ақпаратқа тең қолжетімділік мәселесі туындайды.

«Тіпті дамыған елдерде де адамдар көп жазылым алмайды. Зерттеулерге қарағанда, америкалықтардың жиырма пайызы ғана онлайн жаңалыққа ақша төлейді. Олардың өзі тек бір басылымға жазылады. Себебі бірнеше жазылым бірден айтарлықтай шығын. Мысалы, The New York Times жазылымы он жеті доллар, The Washington Post сегіз доллар тұрады. Қосымша авторлық жазылымдар бес пен он доллар аралығы. Сондықтан көп адам бір ақпарат көзін таңдап, соны қолдайды. Ақы төлеген оқырман – тек жаңалық іздейтін адам емес. Ол талдауды, түсіндірмені, дерекке негізделген материалды күтеді. Мұндай аудиторияға жалған сенсация жүрмейді. Сондықтан жазылым мәдениеті қалыптасса, қоғам нақты, шынайы ақпаратқа жақындайды. Бұл – ақпарат сапасын көтеретін күш», дейді сарапшы.

Дегенмен, бұл өзгеріс бәріне бірдей оңай тиемейді. Әсіресе дамушы елдер үшін қиындық бар. Жазылым бағасы әдетте доллармен белгіленеді. Мәселен, айына 10-15 доллар көп адамға ауыр. Бірақ бұл теңсіздік те біртіндеп шешімін табуы мүмкін. Ел ішінде де өз контентін сататын басылымдар пайда болып жатыр.

Барлық жаңалық