Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында жеміс пен көкөніс өңдейтін жаңа зауыт салынады. Бұл жобаны «Qazaq Global Food JV» компаниясы жүзеге асырып жатыр. Қаржылай қолдауды Қазақстанның Даму Банкі (ҚДБ) көрсетпек, деп жазады Ozgeris.info.
Зауыт түркиялық Goknur Gida компаниясымен бірлесіп салынады. Шетелдік серіктес технологиялық жабдықпен қамтамасыз етіп қана қоймай, дайын өнімді сатып алуға да мүдделі. Өндірісте жеміс шырындарының концентраты, пюре және көкөніс өңделген өнімдері шығарылып, арнайы сақтау және буып-түю инфрақұрылымы да құрылады.
Жобаның құны – 9,5 млрд теңге. Кәсіпорын жылына 70 мың тонна жеміс пен көкөніс өңдеп, 6 150 тонна шырын концентраты мен 6 700 тонна пюре өндіруді жоспарлап отыр. Өнім ішкі нарықпен қатар экспортқа да жөнелтіледі.
Жоба 2026 жылдың сәуірінде іске қосылады. ҚДБ-ның айтуынша, зауыттың орналасуы шикізат көзіне жақындығы және көлік инфрақұрылымының ыңғайлылығымен байланысты таңдалған.