💰 Экономика

Әлеуметтік пакетсіз, зейнетақысыз қалғандардың күйі нешік?

Әлеуметтік пакетсіз, зейнетақысыз қалғандардың күйі нешік?

Қазақстанның еңбек нарығындағы көлеңкелі жұмыспен қамту мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Ресми тіркеусіз, әлеуметтік кепілдіктерсіз және зейнетақы жарналарынсыз «сұр» секторда еңбек ету азаматтарды бүгінгі еңбек құқығынан ғана емес, болашақ қарттықтағы сенімділігінен де айырады, деп жазады Ozgeris.info.

Еліміздегі бейресми жұмыспен қамту құбылысының ауқымы бірмәнді емес. Cтатистиктердің есептеулері мен заң жүзінде жұмысқа орналасып, зейнетақы және әлеуметтік жарна аударатындар туралы ресми деректер арасында үлкен алшақтық бар. Бұл көрсеткіштердің айырмашылығы 2,5 есеге жетеді. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өткен жылы елімізде 942,5 мың қазақстандық бейресми түрде жұмыс істеген. 2022-2025 жылдар аралығында бұл көрсеткіш 18,1%-ға қысқарды. Еңбек нарығындағы көлеңкелі сектордың үлесі 12,8%-дан 10,1%-ға дейін төмендеген. Осы маңызды әлеуметтік индикаторды анықтау үшін статистиктер Халықаралық еңбек ұйымының әдістемесін қолданады, ол бейресми жұмыспен қамтуды ресми және бейресми сектордағы ұйымдарда, сондай-ақ үй шаруашылықтарында еңбек ететіндердің жиынтығы ретінде қарастырады.

Өңірлік тұрғыдан алғанда, 2025 жылы бейресми жұмыспен қамтылғандар саны бойынша Алматы облысы көш бастап тұр (149 мың адам). Бұл аталған өңірде шағын және орта бизнестің жоғары шоғырлануымен байланысты болуы мүмкін. Сондай-ақ Жамбыл (93,7 мың адам) және Батыс Қазақстан (90,9 мың адам) облыстарында да көрсеткіштер өзге аймақтарға қарағанда жоғары. Ал ең төменгі мәндер Шымкент қаласында (7,3 мың адам) және Ұлытау облысында (9,3 мың адам) байқалды.

Зерттеу барысында бейресми жұмыс істейтіндердің нақты жұмыс уақытының ұзақтығы да талданған.

«Құрылымдық талдау көрсеткендей, бұл санаттағы еңбеккерлердің 22%-дан астамы үнемі белгіленген уақыттан артық жұмыс істейді және олардың графигі аптасына 40 сағаттық нормадан асып кетеді. Сонымен қатар, жұмысшылардың 19,4%-ы, керісінше, 40 сағаттық норманы орындамайды, бұл олардың табысының төмен болуына әкеп соғуы мүмкін», деп көрсетілген Finprom.kz сараптамасында.

Жұмысшылар санаттары бойынша деректерді талдау көрсеткендей, барлық бейресми жұмыспен қамтылғандардың 42%-дан астамы немесе 397,6 мың адам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Көбінесе бұл жеке қосалқы шаруашылықта еңбек ететін, қандай да бір қызмет көрсететін, бірақ бұл жұмысын ресми түрде декларацияламайтын адамдар. Жарты миллионнан астам қазақстандық жалдамалы жұмысшы болса да, бейресми жұмыспен қамтылғандар қатарына жатады. Зерттеу авторларының пікірінше, «бұған жұмысқа орналасу туралы ауызша келісім, әлеуметтік немесе зейнетақы жарналарын аудармайтын кәсіпорында ресми тіркелу сияқты бірнеше фактор себеп болуы мүмкін».

Өткен жылы бейресми жұмыспен қамтылғандардың ең көп бөлігі ауыл, орман және балық шаруашылығы саласына тиесілі болды: 389,1 мың адам. Сонымен қатар, сауда секторында 170,1 мың адам, ал құрылыс саласында 107,8 мыңнан астам адам әлеуметтік кепілдіктерсіз және зейнетақы жарналарынсыз еңбек етуде. Өнеркәсіпте бұл көрсеткіш әлдеқайда аз (45 мың адам), бұл стратегиялық секторда бақылаудың қатаң екенін аңғартады.

Айта кетерлігі, кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет саласында бейресми жұмыс істейтіндер саны екі есеге қысқарған. Finprom.kz сарапшылары мұны

«IT-мамандар мен инженерлерге деген сұраныстың артуымен, лицензиялау талаптарының қатаңдауымен және фрилансерлердің бір бөлігінің заңды секторға өтуімен» түсіндіреді. Керісінше, білім беру секторында көрсеткіш 10,1 мыңнан 24,4 мың адамға дейін өскен, бұл жеке репетиторлар мен онлайн-оқытушылардың көбеюіне байланысты болуы ықтимал. Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің талаптарына сәйкес, жұмыспен қамтылғандардың көпшілігі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) міндетті зейнетақы жарналарын аударуға тиіс. Алайда іс жүзінде әр төртінші жұмысшының ғана зейнетақы және әлеуметтік аударымдары бар. «Ресми деректер бойынша, өткен жылы жұмыс берушілер 9,3 миллион жұмыспен қамтылғандардың тек 7 миллионы үшін ғана жарна аударған. Яғни, жұмыс істейтіндердің 25,2%-ы немесе 2,3 миллион адам бұл мүмкіндіктен айырылған. Бұл көрсеткіш бейресми жұмыспен қамтылғандардың ресми санынан 2,5 есе көп», делінген зейнетақы жүйесіне қатысты талдауда.

Статистикалық мәліметтер БЖЗҚ ақпаратымен де үндеседі. Өткен жылы елімізде зейнетақы шоттарына жарналар тұрақты түрде аударылып тұратын 7,2 миллион белсенді салымшы болған. Алайда олардың ішінде тек 4,7 миллион адам үшін ғана жарналар жылына 9-дан 12 ретке дейін тұрақты түсіп тұрған. Ал 1,6 миллион қазақстандықтың зейнетақы шотына ақша жылына небәрі 1-ден 5 ретке дейін ғана аударылған, бұл еңбек нарығындағы тұрақсыздықтың айқын көрінісі.

Барлық жаңалық