Сарапшылардың болжамы мен барлау деректеріне сүйенсек, әлемде алдағы жылдары бірқатар аса қауіпті дағдарыстардың соғысқа ұласу қаупі бар. Олардың ішінде ядролық арсеналға ие елдердің текетіресі де, аймақтық даулардың жаһандық салдарға әкелуі мүмкін сценарийлері де бар. Ozgeris.info тілшісі Таяу Шығыстан бөлек, алдағы бес жылда ірі әрі қауіпті қақтығыс өршуі ықтимал елдерге шолу жасап көрді.
Тәуелсіз журналист Оңғар Қабден бұл туралы қысқаша пікір білдірді. Ал біз шетел зерттеулеріне сүйеніп тақырыпты толығырақ ашып көреміз.
Үндістан - Пәкістан
Үндістан мен Пәкістан арасындағы қарым-қатынас ядролық қаруға байланысты әлемдегі ең қауіпті шиеленістердің бірі болып саналады. SIPRI деректеріне сәйкес, Үндістанда шамамен 180, ал Пәкістанда 170-ке жуық ядролық қару бар. Мұндай арсенал жағдайды кез келген сәтте апатты деңгейге жеткізуі мүмкін.
Қақтығыстың негізгі себептері Кашмирдегі даулар, террорлық шабуылдардан кейінгі әскери жауап, ішкі саяси радикализация және шекарадағы әскери қақтығыстар. Екі жақтағы ішкі саяси жағдай да қақтығыстың өршуіне итермелеуде.
Қақтығыс өршіп кетсе, АҚШ, Қытай және өзге державалар арағайындыққа тырысқанымен, ядролық эскалация бүкіл әлемге экономикалық соққы береді.
Қытай - Тайвань
Пекин Тайваньды Қытайдың ажырамас бөлігі санайды. Оны қайтаруды басты ұлттық мақсат деп біледі. Соңғы жылдары Қытай армиясының теңіз және әуе жаттығулары, блокадаға ұқсас шаралары, сондай-ақ кибершабуылдары жиілеп келеді. АҚШ бұрыннан Тайваньды қорғау саясатын ұстанып келгенімен, қазір бұл қолдау айқынырақ сипат алып отыр.
Қақтығыстың шығу себептерінің ішінде Тайваньның ресми тәуелсіздік жариялауы, Қытайдың десанттық операцияға дайын болуы немесе теңіздік блокада жариялауы дейді сарапшылар. Негізгі белгілеріне Қытай Халық-азаттық армиясының ірі жаттығулары, Тайваньның қорғаныс бюджетін күрт арттыруы, АҚШ пен Жапония кемелерімен инциденттер және TSMC сияқты стратегиялық кәсіпорындарға қысым жатады.
Бұл қақтығыс XXI ғасырда әлемдік тәртіптің көшбасшысы кім болатынын анықтап береді: АҚШ па, әлде Қытай ма? АҚШ бұрыннан Тайваньды қорғайтынын мәлімдеген, бірақ Трамп бұл уәдеге соншалық берік пе деген күмән бар.
Ресей - Балтық елдері (Ресей–НАТО шекарасы)
Украинадағы соғыс пен Мәскеудің «тарихи аумақтарға» деген амбициясы НАТО-ның шығыс шебін ең қауіпті аймаққа айналдырды. Ресей гибридтік құралдарды белсенді қолдануда: кибершабуылдар, инфрақұрылымға нұқсан келтіру, дезинформация және әскери жаттығулар жиілеп отыр.
Путиннің мақсаты - өзінің ойынша тарихи тұрғыда Ресейге тиесілі болуы тиіс аумақтарды қайтару және НАТО мен Еуропаны сынаую Егер Ресейдің әрекеті НАТО Жарғысының 5-бабына сәйкес «шабуыл» деп танылса, альянс толыққанды соғысқа кірісуі мүмкін. Бұл жағдайда НАТО әскери әрі экономикалық шаралар қабылдайды, бірақ Еуропа үшін салдары аса ауыр болады.
Үндістан - Қытай
Екі азиялық алпауыт арасындағы шекаралық дау «ыстық нүкте». деп аталып кеткеню 2020 жылы Галван аңғарында болған қақтығыс соның айқын мысалы. Әскерге атыс қаруын қолдануға тыйым салынғанымен, адам шығынына әкелген оқиғалар қайталанып жүр.
Үндістанда Қытай қаруының нысанасына ілінетін елді мекендер әлдеқайда көп, ал Қытай жағында мұндай аз. Қазір жағдай соншалық қауіпті, тіпті шекарадағы қытай және үнді сарбаздарына қару ұстауға тыйым салынған. Екі елдің арасында тежеу механизмдері де, келісімшарттар да, тұрақты байланыс арналары да жоқ.
Халықаралық қауымдастық - АҚШ, Ресей, ЕО және Азия елдері жағдайды бәсеңдетуге тырысады. Толыққанды соғыс екі тарапқа да экономикалық тұрғыдан орасан шығын әкелетіндіктен, ядролық қақтығыс қаупі төмен, алайда шекарадағы шиеленіс тұрақты сипат алды.
Корея түбегі (Солтүстік Корея)
Солтүстік Корея ауыр экономикалық жағдайына қарамастан ядролық және зымыран бағдарламасын үздіксіз дамытып келеді. Ким Чен Ын ядролық қаруды режимнің басты кепілі санайды. АҚШ пен Оңтүстік Кореяның бірлескен әскери жаттығулары мен санкциялары Пхеньянды алаңдатады.
Корея — аштық жайлаған, үкімет қатаң бақылау орнатқан, біртіндеп әлсіреп бара жатқан мемлекет. Ким Чен Ын Саддам Хусейн немесе Муаммар Каддафидің тағдырын қайталамайды. Оның басты қаруы - ядролық зымыран. Егер өзін әлсіз сезінсе немесе қауіп төнсе, кез келген сценарий мүмкін.
Жоғарыдағы бес бағыттағы ықтимал қақтығыстардың ортақ сипаты бар дейді сарапшылар.Ядролық қару мен зымырандық әлеуеттің артуы, кибершабуылдар мен гибридтік әдістердің белсенді қолданылуы, сондай-ақ халықаралық одақтастықтың жағдайға ықпал ету деңгейі.