Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевты қабылдады. Кездесу барысында аймақтың әлеуметтік-экономикалық тынысы мен алдағы жоспарлары сарапталды. Ақорда таратқан мәліметке сүйенсек, өңір өткен жылды айтарлықтай табыспен қорытындылаған деп хабарлайды ozgeris.info сайты Ақордаға сілтеп.
Жетісу жеріне құйылған инвестиция көлемі 610 миллиард теңгеге жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 12,8 пайызға өскен. Бұл көрсеткіш аймақтағы іскерлік белсенділіктің артқанын аңғартады. Әсіресе, өндіріс саласында соны серпін бар. Соңғы үш жылдың ішінде өлкеде 29 жаңа нысан бой көтеріп, қолданыстағы 7 кәсіпорынның жұмысы жанданды. Осының нәтижесінде 1800-ден астам тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылды.
Ауыл шаруашылығын өркендету ісі де назардан тыс қалмаған. Егіс алқаптары, соның ішінде қант қызылшасы егілетін жерлер кеңейе түспек. Ақсу және Көксу қант зауыттарының қуатын екі есе арттырып, өнім көлемін 950 мың тоннаға жеткізу көзделіп отыр. Сонымен қатар, 2027 жылға дейін құны 94,4 миллиард теңге болатын 23 инвестициялық жоба жүзеге аспақ. Оның ішінде құс фабрикалары мен жылыжай кешендерін салу басым бағыттардың бірі болып табылады.
Инфрақұрылымды жақсарту мақсатында атқарылған істер де ауқымды. "Талдықорган – Үшарал" газ құбырының құрылысы аяқталып, өңірді газдандыру деңгейі 67,2 пайызға көтерілді. Бұл 650 мыңнан астам халықтың көгілдір отын игілігін көруіне жол ашты. Оған қоса, Алакөл мен Балқаш жағалауындағы демалыс аймақтарына таза су жеткізу және жол салу мәселелері де рет-ретімен шешіліп келеді.
Экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған "Таза Қазақстан" бағдарламасы аясында облыста үш бірдей экобақ ашылып, 121 мың түп көшет егіледі деп жоспарланған.
Жиын соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытаймен шекарадағы "Достық" өткізу бекеті мен "Қорғас" арнайы экономикалық аймағының жұмысын ширатуды тапсырды. Сондай-ақ, мемлекет басшысы Жетісудың туристік әлеуетін, соның ішінде тау туризмі мен көл жағасындағы демалыс орындарын дамытудың маңыздылығын қадап айтты.