💰 Экономика

Алаяқтық кредит: қаржылық қауіпсіздік мәдениеті неге әлсіз?

Алаяқтық кредит: қаржылық қауіпсіздік мәдениеті неге әлсіз?

Кейінгі жылдары азаматтардың атына олардың келісімінсіз кредит рәсімдеу фактілері жиілеп, қоғамда алаңдаушылық туғызатын деңгейге жетті. Бұл мәселе жекелеген құқық бұзушылық аясынан шығып, қаржы нарығындағы жүйелі тәуекелдердің біріне айналып отыр. Әсіресе, цифрландыру қарқынды дамыған кезеңде дербес деректердің қорғалуы, азаматтардың қаржылық сауаттылығы мен қауіпсіздік дағдылары жаңа деңгейдегі талаптарды қажет етеді. Өкінішке қарай, көп жағдайда адамдар өз атына алынған қарыз туралы кеш біледі. Ал осы уақыт ішінде берешек өсіп, айыппұл есептеліп, жағдай құқықтық тұрғыдан күрделене түседі, деп жазады Ozgeris.info.

Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігінің бағалауынша, қазіргі алаяқтық схемалар бұрынғыдай қарапайым емес. Қылмыскерлер тек техникалық құралдарды ғана емес, адамның психологиясын да белсенді пайдаланады. Яғни мәселе тек жүйенің әлсіздігінде емес, азаматтың өзі қабылдайтын шешімдерде де жатыр.

«Ең алдымен – сіздің атыңызға кредит ресімделген банкпен немесе микроқаржы ұйымымен дереу хабарласу керек. Оны тек ресми арналар арқылы жасау керек: колл-орталық, мобильді қосымша немесе бөлімше. Бұл жерде ең маңыздысы – уақыт. Себебі дәл осы кезеңде қаржы ұйымы операцияларды тоқтатып, алаяқтық әрекеттердің одан әрі жалғасуына жол бермеуге мүмкіндік алады. Азамат тек хабарлап қана қоймай, өз өтінішінің ресми тіркелуін талап етуі тиіс. Сонымен қатар картаны, шоттарды, қосымшаға кіруді бұғаттау, күмәнді операцияларды тоқтату сияқты нақты шараларды талап ету қажет. Бұл әрекеттер кейінгі құқықтық процестердің негізін қалыптастырады. Егер азамат осы кезеңде белсенді әрекет етпесе, уақыт өте келе оның құқықтық позициясы әлсірейді. Сондықтан алғашқы қадам – тек техникалық әрекет емес, ол азаматтың өзін қорғаудағы негізгі құқықтық тетігі», деп түсіндіреді Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігі.

Алайда тәжірибе көрсеткендей, азаматтардың басым бөлігі дәл осы алғашқы кезеңде қателік жібереді. Көпшілік белгісіз SMS-кодтарға, түсініксіз хабарламаларға немесе бөтен қоңырауларға мән бермейді. Кейбірі тіпті күмәнді әрекеттерді байқаса да, «өзі шешілер» деген оймен уақыт жоғалтады. Ал шын мәнінде дәл осы кезеңде әрекет етпеу – жағдайды бірнеше есе қиындатады. Өйткені уақыт өткен сайын қаржы операциялары көбейіп, алаяқтар қаражатты әртүрлі арналар арқылы таратып үлгереді.

Сондықтан келесі маңызды кезең – дәлелдемелерді жинау. Бұл жерде де көптеген азамат мәселені толық түсінбейді. Көп жағдайда адамдар тек негізгі деректермен шектеліп, ұсақ ақпаратты елемейді. Ал құқықтық тәжірибеде дәл сол «ұсақ» көрінген детальдар істің шешілуіне тікелей әсер етеді.

«Сонымен қатар барлық ықтимал дәлелдемелерді барынша толық жинау қажет. Кез келген ақпараттың маңызды болуы мүмкін: SMS-хабарламалар, растау кодтары, мессенджерлердегі хат жазысу, қоңыраулар жазбасы, банктен келген хабарламалар, операциялардың толық тарихы, қаражат аударылған шоттардың деректемелері. Бұл деректерді міндетті түрде өзгеріссіз сақтау керек. Себебі тәжірибе көрсеткендей, дәл осы деректер алаяқтық схеманы толық ашуға көмектеседі. Көп жағдайда азаматтар кейбір ақпаратты маңызсыз деп санап, сақтамайды. Бірақ кейін сол ақпараттың жетіспеуі істің дәлелденуін қиындатады. Сондықтан дәлел жинау – формальды қадам емес, бұл азаматтың өз құқықтарын қорғаудағы негізгі құралдарының бірі. Неғұрлым толық және нақты дәлел болса, соғұрлым құқық қорғау органдары мен қаржы ұйымдарының шешімі әділ әрі жылдам болады», деп атап өтеді агенттік.

Алаяқтық кредит мәселесіндегі ең күрделі әрі даулы кезең – қарыздың тағдырын шешу. Қоғамда бұл мәселеге қатысты қате түсінік қалыптасқан. Көпшілік «егер мен кредит алмасам, ол автоматты түрде жойылады» деп ойлайды. Алайда қолданыстағы заңнама бұл процесті әлдеқайда күрделі қарастырады.

Бұл жерде тек алаяқтық фактісін дәлелдеу жеткіліксіз. Сонымен қатар кредиттің қалай рәсімделгені, қаржы ұйымының қандай тексеру жүргізгені, қауіпсіздік талаптарының сақталған-сақталмағаны жан-жақты зерттеледі. Яғни мәселе екі тараптың да әрекетіне байланысты қаралады.

«Алаяқтық фактісінің өзі міндеттемелерден автоматты түрде босатуды білдірмейді. Бұл – азаматтар жиі қателесетін тұс. Қарызды есептен шығару үшін тек қылмыстың болғанын емес, сонымен қатар кредит беру кезінде қаржы ұйымы тарапынан заң бұзушылықтардың орын алғанын анықтау қажет. Мысалы, клиенттің келісімі тиісті деңгейде тексерілмесе, биометриялық сәйкестендіру жүргізілмесе немесе қауіпсіздік рәсімдері сақталмаса, онда мұндай қарыз соттан тыс тәртіпте есептен шығарылуы мүмкін. Ал егер жағдай күрделі болса, мәселе сот арқылы шешіледі. Сот барлық дәлелдерді зерттеп, кредиттің заңдылығына баға береді. Сондықтан бұл процесс автоматты емес, ол жүйелі құқықтық талдауды, нақты дәлелдерді және уақытты талап етеді. Азамат мұны түсінуі тиіс: бұл мәселе өздігінен шешілмейді, оған белсенді құқықтық әрекет қажет», деп түсіндіреді Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігі.

Жалпы алғанда, алаяқтық кредит мәселесі тек құқықтық немесе қаржылық проблема емес. Бұл – қаржылық мәдениет деңгейінің көрсеткіші. Егер азаматтар дербес деректерді қорғауға, қаржылық шешімдерді саналы қабылдауға және қауіпсіздік ережелерін сақтауға жеткілікті мән бермесе, мұндай жағдайлар қайталана береді.

Сондықтан бұл мәселенің түпкі шешімі тек заңда немесе бақылауда емес, әр азаматтың саналы әрекетінде жатыр. Қаржылық қауіпсіздік – бұл тек банк пен мемлекеттің емес, ең алдымен адамның өз жауапкершілігі.

Барлық жаңалық