Кейінгі жылдары қазақстандықтардың атына өздері білмей кредит рәсімделген жағдайлар жиілеп кетті. Телефон соққан «банк қызметкері», жалған сілтеме немесе бөтеннің ЭЦҚ-сы кейде адамды бір сәтте қарызға батырып қояды. Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігі бұл мәселені ашық көтеріп, нақты түсініктеме берді, деп жазады Ozgeris.info.
Алаяқтар көбіне ең оңай жолды таңдайды. Бірі құжаттардың немесе паспорттың көшірмесін пайдаланады, бірі электрондық цифрлық қолтаңбаны қолға түсіреді. SMS кодтарды ұстап алып, келісімшарттарға қол қояды да, ақшаны жалған есепшоттарға шығарып жібереді. 2023 жылы Астанада ауыр науқастан қайтыс болған әйелдің атынан ұрланған ЭЦҚ арқылы 155 млн теңге көлемінде кредит рәсімделгені анықталды. Алаяқтар тіпті нан пісіру жабдықтарын сатып алдық деген жалған құжаттар жасаған. Әйел өмірден өткеннен кейін де олар құжаттарды артқs датамен қолдан жасауды жалғастырған. Биыл бұл іске қатысқандар 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Тағы бір кең тараған тәсіл әлеуметтік инженерия деп аталады. Алаяқтар өздерін банк, полиция немесе қауіпсіздік қызметінің өкілі ретінде таныстырады. Олар «тексеру кредиті», «қауіпсіз есепшот» немесе «верификация» деген сөздерді жиі қолданады. Адам олардың айтқанын орындаған сайын, шоттағы ақша да кетеді, атына кредит те пайда болады. Ақмола облысында бір тұрғынды осылай алдап, 7 млн теңге көлемінде кредит рәсімдеткен жағдай тіркелген. Алдымен қоңырау шалған адам өзін оның бастығы ретінде таныстырған, кейін мемлекеттік орган мен Ұлттық банктің қызметкері болып сөйлескен.
Кейде алаяқтық туыстар мен таныстар арқылы жасалады. Сенімге кірген жақын адамдар құжаттарға қол қойдырады немесе бөтен адамдардың телефоны мен қосымшаларын жасырын пайдаланады. Жамбыл облысында бір әйел туыстарының атына 22 млн теңге көлемінде кредит рәсімдеп, ақшаны жеке қажетіне жұмсаған. Биыл қыркүйектің соңында сот оны 3 жылға бас бостандығынан айырды.
Фишинг те қауіпті. Алаяқтар банктің қосымшасы мен сайтының көшірмесін жасап, жалған сілтемелер таратады. «Қауіпсіздік жаңартуы» деген желеумен логин, пароль, карта деректерін жинайды. Қыркүйекте Жетісу облысында полиция AnyDesk орнатуға мәжбүрлеп, азаматтардың атына кредит рәсімдеген топты ұстады. Бұл іске Қазақстанның әр өңірінен 40 тан астам адам зардап шеккен, жалпы шығын 70 млн теңгеден асқан.

Егер бір күні өз атыңызға сіздің рұқсатыңызсыз кредит рәсімделгенін білсеңіз, ең алдымен банкке немесе микрокаржы ұйымына хабарласу керек. Кредиттің алаяқтық екенін айтып, карталарды, шоттарды және қосымшаға қолжетімділікті бірден блоктатқаныңыз жөн. Міндетті түрде өтініш тіркелуі керек.
Одан кейін полицияға арыз жазылады. Оны жеке барып та, eGov немесе eOtinish арқылы онлайн да беруге болады. Арызда күнін, сомасын, банк немесе МҚҰ атауын көрсету маңызды. Скриншоттар, алаяқтардың нөмірлері, хат алмасулар, есепшот үзінділері барлығын қоса жіберген дұрыс.
Полициядан процессуалдық құжаттар алу өте маңызды. Зардап шеккен деп тану туралы қаулы және шара қолдану туралы ұсыныс банкке жолданады. Бұл құжаттар пайыздар мен айыппұлдарды тоқтатуға мүмкіндік береді. Полициядан құжат алынғаннан кейін банк 3 күн ішінде пайыз бен айыппұлды тоқтатуға, негіз болса қарызды жоюға, кредит тарихын түзетуге және ұсталған сомаларды қайтаруға тиіс.
Егер банк әрекет етпесе немесе бас тартса, eOtinish арқылы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағым беруге болады. Ол үшін банк бас тартқан құжат пен полиция материалдарын қоса жіберу қажет. Мұнда бір нәрсені есте ұстау керек. Қарыз автоматты түрде жойылмайды. Тек полиция алаяқтықты растағанда және заңдық негіз болғанда ғана жойылады.
Кейбір жағдайларда кредит сотсыз жойылуы тиіс. Мысалы онлайн кредит биометриялық сәйкестендірусіз рәсімделсе, немесе Стоп кредит режимі қосулы тұрғанда берілсе. Сондай ақ жас шектеулері бұзылса, яғни 21 жасқа толмаған немесе 55 жастан асқан адамға келісімсіз кредит берілсе. Бірінші онлайн кепілсіз тұтынушылық кредит лимиттен асса, банк үшін 150 АЕК-тен, МҚҰ үшін 75 АЕК-тен жоғары болса, немесе салқындату кезеңі сақталмаса, мұның бәрі заң бұзушылық .

Кейде банк бұзушылықтары бірден байқалмайды. Бірақ полиция алаяқтықты растағанымен, кредитор қарызды жоймайды. Мұндай жағдайда материалдар сотқа жіберіледі. Сот алаяқтық фактілерін және банк пен МҚҰ ның биометрия, KYC, антифрод талаптарын бұзғанын анықтайды. Шешім күшіне енген соң, банк 10 жұмыс күні ішінде қарызды жоюға, төленген сомаларды қайтаруға және кредит тарихын жаңартуға міндетті.
Қаржы нарығын реттеуші органның ұстанымы айқын. «Банк полицияның процессуалдық құжаты немесе сот шешімі болмаса, кредитті жоя алмайды. Қарызды жою тек банк тарапынан бұзушылықтар анықталған жағдайда және заң шеңберінде ғана жүзеге асады. Егер банк талаптарды орындаудан бас тартса, азамат eOtinish арқылы агенттікке шағымдануға құқылы».
Өзіңізді қорғау үшін қарапайым ережелерді есте сақтаған жөн. SMS кодтар мен парольдерді ешкімге айтпау керек, банк немесе полиция деп хабарласқандарға да. Біреудің өтінішімен телефонға қашықтан қолжетімділік беретін қосымшаларды орнатуға болмайды. Стоп кредит режимін қосып қойған дұрыс, ол сіздің атыңызға кредит рәсімдеуге әрекетті бірден тоқтатады. Кредит тарихын жиі тексеріп, барлық операцияларға хабарламаларды қосып қойған жөн. Ал күмәнді қоңырау түссе, сөйлесуді тоқтатып, банкке тек ресми нөмір арқылы өзіңіз қайта хабарласқаныңыз дұрыс.
Алаяқтар әрдайым жаңа тәсіл ойлап табады. Бірақ сақтық пен заңды білу адамды үлкен шығыннан сақтап қала алады.