Ranking.kz зерттеуіне сүйенсек, 2025 жылы Қазақстанда 11,8 мың жалдамалы қызметкер айына 3 млн теңгеден жоғары табыс тапқан. Бұл – елдегі барлық жалдамалы жұмысшылардың небәрі 0,4%-ы ғана. Яғни, айына «үш миллионнан» асатын жалақы – көпшілікке ортақ емес, еңбек нарығындағы шағын топтың үлесі. Мұндай деректерді Ұлттық статистика бюросы келтіреді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Ең жоғары жалақы қай салаларда шоғырланған? Бірінші кезекте – қаржы және сақтандыру қызметі. 3 млн теңгеден көп табыс табатындардың әрбір төртіншісі осы секторда еңбек етеді. Саны шамамен 2,6 мың адамнан асады. Бұл – банктер, сақтандыру ұйымдары, инвестициялық компаниялар секілді құрылымдар.
Екінші орында – тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді игеру. Бұл салада 1,9 мың адам осындай жалақы алған. Үшінші орында – өңдеу өнеркәсібі. Мұнда 1,3 мың қызметкер немесе 11,3% жоғары табыс табатындар жұмыс істейді.
Ал 3 млн теңгеден жоғары жалақы ең аз тіркелген салалар – мемлекеттік басқару мен коммуналдық сектор. Мемлекеттік басқаруда бар болғаны 10 адам, коммуналдық қызметте 12 адам ғана осындай табысқа ие болған.
Өңірлік бөлініске келсек, жоғары жалақы алатындардың жартысына жуығы Алматы қаласында шоғырланған – 5,7 мың адам. Атырау облысында 1,8 мың адам, ал Астанада 1,3 мың қызметкер 3 млн теңгеден жоғары табыс тапқан. Демек, қаржы мен ірі өнеркәсіп орталықтары көш бастап тұр.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, ең жоғары жалақы деңгейі 7 млн теңгеден басталады. 2025 жылы ең көп табыс тапқан жалдамалы маман – пайдалы қазбаларды өндіру саласындағы тау-кен инженері. Оның айлық табысы 12 млн теңгеден асқан.
Екінші орында – құрылыс ұйымының басшысы. Айлығы – 11,5 млн теңге. Үшінші орында – көлік және логистика саласындағы компанияның бас директоры, табысы – 10,4 млн теңге.
Жоғары жалақы алатындардың басым бөлігі – жоғары буындағы басшылар. Әсіресе мұнай-газ, тау-кен өндіру, өңдеу өнеркәсібі және қаржы секторында.
Сонымен қатар басқарушылық лауазымы жоқ, бірақ біліктілігі өте жоғары мамандар да бар. Мысалы, 2025 жылы бір аудитор айына 7,3 млн теңге алған. Бизнес-консалтинг саласындағы кей мамандар 6 млн теңгеден астам табыс тапқан. Логистика, қаржы, рекрутинг және маркетинг салаларындағы senior деңгейіндегі сарапшылар да жоғары жалақы алушылар қатарында.
Дегенмен жалпы еңбек нарығының көрінісі мүлде басқа. Жоғары табыс алатындар бар болғанымен, қызметкерлердің негізгі бөлігі орта және төменгі сегменттерде орналасқан.
Ең ірі топ – айына 300-500 мың теңге алатындар. Олардың саны 1 млн адамнан асады. Екінші орында – 200-300 мың теңге аралығында табыс табатындар, 724,1 мың адам. Оған жақын көрсеткіш – 100-200 мың теңге алатындар, 711,8 мың қызметкер.
Дәл 100-200 мың теңге аралығы ең ауқымды санат болды. Барлық қызметкерлердің 21,3%-ы осы диапазонда жалақы алған. 2025 жылғы модальды жалақы, яғни ең жиі кездесетін табыс деңгейі, 116,1 мың теңгені құраған.
Ең төменгі жалақы – 85 мың теңге. Мұндай табысты 43,8 мың адам алған. Ал айына 1 млн теңгеден жоғары табыс табатындардың саны 154,7 мың адамға жеткен. Бұл ең төменгі жалақы алатындардан 3,5 есе көп.
Медианалық жалақы 300-400 мың теңге аралығында есептеледі. Осы диапазонда 613,4 мың қызметкер немесе 18,4% шоғырланған. Бұл – табыстың орталық шегін білдіреді: қызметкерлердің жартысы осы сомадан аз, жартысы одан көп табыс алған.
Ал ел бойынша номиналды орташа жалақы 429,4 мың теңге болғанымен, дәл осы деңгейге жуық табыс алатындар барлық жалдамалы қызметкерлердің тек 12,7%-ын ғана құрайды.
Қорытындысында, айына 3 млн теңге табатындар бар, бірақ олардың үлесі өте аз – 0,4%. Негізгі еңбек күші 100-500 мың теңге аралығындағы табыс деңгейінде шоғырланған. Жоғары жалақы көбіне қаржы, мұнай-газ және тау-кен салаларында кездеседі. Ал көпшілік үшін еңбек нарығының шынайы көрінісі орташа және төменгі табыс сегменттерімен сипатталады.