Жаңалықтар

Әйелімен татуласса да: Жамбыл облысында ер адам қоғамдық жұмысқа тартылды

Әйелімен татуласса да: Жамбыл облысында ер адам қоғамдық жұмысқа тартылды

Жамбыл облысында әйеліне жеңіл дене жарақатын салған ер адам қылмыстық жауапкершіліктен құтылмады. Оған қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындалды деп жазды ozgeris.info сайты.

Іс Тұрар Рысқұлов аудандық сотында қаралған. Сот материалдарына сәйкес, 2026 жылдың ақпан айында Құлан ауылында ер адам азаматтық некедегі жұбайымен сөзге келіп, жанжал кезінде оған жеңіл дәрежедегі дене жарақатын салған.

Сотта айыпталушының кінәсі тараптардың көрсетулерімен, медициналық қорытындымен және басқа да дәлелдермен расталған.

Прокурор соттан ер адамға 20 тәулік қамау жазасын тағайындауды сұраған.

Айыпталушы кінәсін мойындап, өкініш білдіріп, жәбірленушімен татуласуына байланысты істі тоқтатуды өтінген. Жәбірленуші де татуласқанын растаған.

Алайда сот бұл құқық бұзушылық бұрын да қайталанғанын ескеріп, істі татуласуға байланысты тоқтатудан бас тартты.

Сот үкімімен ер адам Қылмыстық кодекстің 108-1-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 60 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Барлық жаңалық