📰 Сарапшылар пікірі

Әділетті Қазақстан құру жолы: Қарапайым жұмысшыдан басталған өзгеріс

Президент былтырғы жолдауында бірқатар маңызды тапсырмалар берді. Бір айта кететіні, көптеген жобалар бір жылда жүзеге аспайды, оған уақыт керек дейді мамандар. Десе де, нақты нәтижелер мен статистика оң өзгерістерді көрсетіп отыр. Ozgeris.info тілшісі халық қалаулысымен сұқбаттасып, бір жыл ішінде жеткен жетістіктер мен кемшіліктер туралы саралап көрді.

Жұмысшы мамандықтар жылының сабағы 

Жалпы биылғы жыл жұмысшылар жылы деп айқындалған болатын. Осы жылдың аясында бірқатар жұмыстар атқарылды. Әр өңірдің және жергілікті әкімдіктің жұмысын саралайтын болсақ, басымдық беру, марапаттау, әлеуметтік тұрғыдан қолдау шаралары осы жұмысшыларға берілген.

Іс жүзінде, 2025 жылдың І тоқсанында жұмыспен қамту деңгейі 15 жастан асқан халық арасында 64,4 % деңгейіне жеткен, ал жұмыссыздық деңгейі 4,6 %-ды құрап отыр. Яғни, еңбек нарығында оң нәтиже бар. Екінші тоқсанында жұмыспен қамту деңгейі 64,6 %-ға көтеріліп, жұмыссыздық деңгейі 4,6 %-да сақталған. 

«Бұған «бір кездік науқан» ретінде қарау дұрыс емес. Қоғам ақырындап осы стереотиптен арылып келеді. Мысалы, Павлодар облысы өнеркәсібі мықты дамыған өңір. Жұмысшы мамандардың қатары қалың. Сондықтан оларға жасалып жатқан қамқорлық, қолдау, жергілікті билікпен бірлесе отырып, баспанамен қамту, өзге де көтермелеу шаралары жасалып жатыр. Былтыр машина жасау зауытының жұмыскерлеріне, жас мамандарға деген қолдауды өз көзіммен көріп қуанып қалдым», - дейді Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы.

2024 жылғы ресми мәлімет бойынша, өнеркәсіп саласында 1,3 млн-ға жуық адам еңбек етеді. Павлодар облысы өндірістік аймақтардың көшбасшыларының бірі, елдегі өнеркәсіп өнімінің 7%-ын береді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025 жылы елдегі орташа айлық жалақы 423 мың теңгені құраса, өнеркәсіп жұмысшыларының жалақысы 624 мың теңгеге жеткен.

Сондай-ақ, 2013 жылдан бастап елімізде «Еңбек күні» аталып өтіледі. Бұл күні еңбек ардагерлері мен жұмысшы мамандарға «Еңбек ардагері» медальдары табысталады. Осылайша, барлық мамандықтарға деген құрмет пен кез-келген еңбектің маңыздылығы аталып өтеді.

Әкімдерге жүктелген міндеттер өз нәтижесін беруде

Әкімдерге берілген басты тапсырмаларға тоқталайық. Депутат ерекше тапсырма жайында сөз қозғады.

«Мысалы, жергілікті басшылық күрделі жөндеуді қажет ететін білім ордаларына бюджетке салмақ салмай қалпына келтіру тетіктерін табуды тапсырды. Бұл расы керек, оңай шаруа емес, десе де біртіндеп жүзеге асып келеді», - дейді депутат.

ҚР Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы білім беру саласына 3,3 трлн теңге бөлінген. Оның ішінде 1,2 трлн теңге мектептердің құрылысы мен күрделі жөндеуге бағытталды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін 400 мыңнан астам оқушы орны ашылуы тиіс.

Құқық қорғау саласында да өзгерістер болып жатыр. Депутат бастамашылық еткен заң жобасының бірі - ішкі істер саласын бюрократиядан арылту. Осы заң жобасының ішінде бірқатар маңызды нормалар жүзеге асып жатыр.

Атап өтетін болсақ, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік мәселесі күшейді. Ұзақ уақыт бойы көтеріліп жүрген сұрақтың бірі - қоғамдық орындарда бетін тұмшалап жүруге тыйым салынды. Одан басқа, техникалық каннабис өндірісте пайдалануды көздейтін норма енгізілді. Бұл нағыз инвестиция. Ал инвестиция дегеніміз тікелей халықтың жағдайына әсер етеді, жаңа жұмыс орындары ашылады. Себебі тек төлемақы мен өтемақыны көтеру арқылы халықтың әл-ауқатын жақсарта алмаймыз», - дейді халық қалаулысы.

2025 жылы енгізілген түзетулерге сәйкес, техникалық каннабис негізінде жылына 20 мың тоннаға дейін шикізат өндіру мүмкіндігі қарастылырған. Бұл салада 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Депутат тағы бір ерекше түзетуді атап өтті. Қызмет барысында қаза тапқан отбасына төленетін өтемақы тағайындалды. Яғни, жесір қалған аналар өмірінің соңына дейін құқық қорғау органдары тарапынан жәрдемақы алып отыратын мүмкіндікке ие болды.

Осы шараға миллиардқа жуық қаражат қарастырылып отыр. 530-ға жуық отбасы осы өтемақыны алады. Аталмыш шара 2022 жылдан бастап жүзеге асып келген, алайда сол жылға дейін өтеусіз қалған. Сондықтан заң қайта қаралып, нормалар қабылданды. Бұл мен бастамашылық еткен заңдардың бір бөлігі, қабылданып жатқан заңдар жетерлік, сондықтан дәл осы мен атап өткен нормалар халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған деп сеніммен айта аламын», – дейді депутат.

Жергілікті сайлау мен демократиялық институттар

Әкімдерді халықтың сайлауы да қарқынды, ашық түрде жүзеге асып жатыр дейді сарапшы.

Мысалы, Павлодар өңірінде халық ұсынған, партияға қатысы жоқ азаматтар өздерін ұсынып, әкім болып жатыр. Олар тек сайланып қана қоймай, өз міндеттемелерін жауапкершілікпен атқарып келеді. Осындай нәтижелерге қарап, сайлау институтының жетіліп келе жатқанын айта аламыз. Тіпті керемет мысал бар. Мәслихат төрағасын сайлау кезінде де, ел арасынан шыққан азаматтардың таза демократиялық жолмен, әділ дауыспен сайланып, төраға болып отырғаны да дәлел», - дейді маман.

Ресми мәлімет бойынша, 2023-2025 жылдары ауылдық округтердің 75%-ынан астам әкімдері халық тікелей дауыс беру арқылы сайланған.

Инфрақұрылым: су, жол мен жылу

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға қыруар қаражат бөлінгені рас. Десе де, кейбір өңірлерде су, жол мәселесі әлі шешіле қойған жоқ. Депутаттың айтуынша, олар бақылауды күшейткен. Қазір партиялық, депутаттық бақылау сынды жұмыстары жүргізіліп жатыр. Десе де, барлық сұрақтар тек депутаттың қатысуымен шешіле бермейді. Мысалы, мемлекеттік сатып алуларда жеңіп шыққан жауапсыз мердігерлердің кесірінен кейбір мәселелер кешеуілдеп қалудадейді маман. Осы ретте депутаттардың бастамасымен мемлекеттік сатып алуға жаңа нормалар енгізілді.

«Мысалы, Павлодар облысының ең мәселесі көп нысандарына бардым. Ақтоғай, Ақсу қаласы, Железин аудандарын араладық. Дені былтырғы заң күшіне енбей тұрып ойнатылған тендерлер.  Ал заңнан кейін ойнатылған тендерлерге жергілікті мердігерлерге қосымша бір ұпай беріледі, соның арқасында нысандар уақытылы жүріп жатыр. Техника, жұмыс күші жетіспейді деген мәселе жоқ, барлығы жоспар бойынша жүріп жатыр. Сондықтан былтырғы заң өз нәтижесін беріп жатыр. Осы ретте жергілікті әкімдіктің, және депутаттар тарапынан бақылау өте жоғары деп айтуға болады. Кейде, жергілікті әкімдіктердің уақытылы мәселені көтермей, бюджеттік ұсынымды бермегенінен бірқатар мәселелер қордаланып қалуы да жасырын емес. Ондай мәселе бар. Кейбір мәселелер бюджет тапшылығынан келесі жылдарға ауысып жатыр. Сондықтан Президент тапсырмалары бір жыл ішінде орындалып кетпесе де, кезең кезеңмен жүзеге асып жатыр», - дейді халық қалаулысы.

2025 жылы республикалық бюджеттен жол салуға және жөндеуге 1,3 трлн теңге, ал ауыз сумен қамтуға 250 млрд теңге қарастырылған.

«Цифрлы заман дамыған заманда, біз ғана емес, кез келген ел тұрғыны өз жеріндегі мәселені ашық көтере алады. Ал әрі қарай жауапты органдар оны шешуге ат салысады. Осы жаз айының басында елдерді аралағанда, осы бақылаудың жан-жақты қамтылғанына өз көзімізбен куә болып келдік», - дейді депутат.

Мысалы, Екібастұздағы апат үлкен мәселенің шымылдығын түріп берді. Осы апаттан кейін барлық өңірлерде барынша құбыр желілерін жаңарту жұмыстары жаппай жүргізіліп жатыр. Жылу электростанцияларын салуға қадамдар жасалуда. Бұл да халықтың жағдайына тікелей әсер ететін дүние.

«Біз тек халықтың қалтасындағы қаражаттың көбейгенімен есептемеуіміз керек. Мысалы алдыңғы жылы орын алған су тасқыны да 30 жыл бойы елемей келген мәселелердің бетін ашып берді. Су мәселесіне де, егін шаруашылығына, су қорларының көздерін сақтап қалуға, плотиналар салуға мүмкіндік туғызатын мәселелерге ауқымды қаражат бөлініп, экономикалық қиындықтарға қарамастан, жүзеге асып жатыр», - дейді маман.

Ресми мәліметке сүйенсек, су ресурстарын басқарудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданып, жаңа 20 су қоймасын салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, 2024-2029 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында 9 мың шақырым жылу желісі кезең-кезеңмен ауыстырылады. 

Әділетті Қазақстан жолында

Президенттің жолдауындағы басты айтылған идея – Әділетті Қазақстан құру болды. Депутаттың айтуынша, әділетті ел құру үшін әр азамат өзінен бастауы керек.

«Бір күнде бет бұрып өзгере салуы екіталай дүние. Кейбір өңірлерде бармақ басты, көз қысты сынды әрекеттер бір күнде тыйыла салмайды. Десе де, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мақсатында жасалып жатқан шаралардың ішінде жемқорлықты тыюға, құқық қорғау органдары өкілдерінің халықпен тікелей байланысқа түсуіне бағытталған нормалар жұмыс жасап жатыр. Бұл тек заңдық өзгерістермен реттеле қоймайды, бұл қоғамдық сананы өзгеру және идеологиялық жұмысты тереңдетумен қатар жүретін дүние», - дейді депутат.

Қазіргі қабылданған және талқыланып жатқан заңдар, бірінші кезекте бұрынғы олқылықтарды жоюға бағытталған дейді сарапшы. Теорияда қабылдаған заң тәжірибеде қалай іске асып жатқанын саралай келе өзгерістер енгізіледі.

Халықтың жағдайы төмен деп айта алмайын, жақсарып кетті деп те айту қиын. Десе де, әр салаға біртіндеп әлеуметтік қолдаулар енгізіліп, назар аударыла бастады. Оны мойындау керек. Бірақ, қазіргі геосаяси жағдай біздің экономикаға да әсерін тигізіп жатқанын ескеру керек. Кейбір ойларды, кейбір салалардағы мәселені түбегейлі шешіп тастауға белгілі бір деңгейде бюджет тапшылығы да әсер етіп отыр»,- дейді депутат.

Қорытындылай келе, халқымыздың жағдайы сәл де болса жақсарды дейді Жарқынбек Амантайұлы. Несиенің қамытына киіліп, түрлі қиындықтарға тап болып отырған қоғамның проблемасын жоқ деп айтуға келмейді. Расымен де, Қазақстан қиын кезеңдерді басынан өткізіп жатыр. Осыған байланысты халықтың қаржылық сауатын арттыру, басқа да несиелік шектеулер енгізіліп жатыр. Бұл да айтуға тұрарлық шаралар. Солардың ішінде лудоманияға қарсы қабылданған заң жобасы да белгілі бір деңгейде қарызға белшесінен батқан халықтың одан бетер шырмалып қалмауына өз әсерін беріп отыр. Бұл норманы қандай қиындықтардан өтіп қабылданғанын көзіқарақты жұрт біледі.

Жалпы алғанда, ілгерілеу бар. Қалтамызға бірден сезінбесе де, қоғамның өмір сүру деңгейінің артып келе жатқаны сезіледі», – деп түйіндеді депутат.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты _________________________________________________________ Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі Ақпарат көзі: https://parlam.kz/%2C/mazhilis/person/3274?ysclid=merb25mo7h581259223 Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі

Барлық жаңалық