Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында басталған Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) бейресми саммитінде сөз сөйледі. Мемлекет басшысы алдымен жиынға арнайы келген бауырлас мемлекеттердің көшбасшыларына ризашылығын білдірді деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Президент өз сөзінде Түркістан шаһарының түркі халықтары үшін тарихи әрі рухани маңызы ерекше екеніне назар аударды:
«Түркістан ғасырлар бойы бабаларымызға темірқазық болған. Терең тарихы бар бұл шаһарды екі дүниенің есігі, түркі жұртының бесігі деп атайды. Қасиетті Түркістан ежелден күллі түркі әлемін біріктіретін рухани орталық саналады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның айтуынша, осында бой көтерген Әзірет Сұлтан кесенесі – рухани тұтастық пен тарихи сабақтастықтың айқын символы.
Мемлекет басшысы ұлы ойшыл Қожа Ахмет Ясауидің бауырлас халықтардың дүниетанымын байытуға қосқан өлшеусіз үлесін атап өтті. Ясауи ислам дінін түркі мәдениетінің рухани кеңістігімен сәтті ұштастырып, адамзатқа ортақ құндылықтарды дәріптеген. Оның қалдырған іргелі еңбектері мен хикметтері бүгінге дейін өз өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Президенттің сөзінше, қазіргі таңда Қазақстанда қолға алынған ауқымды бастамалардың тамыры Ясауидің философиялық мұрасымен тығыз байланысты.
-
Елімізде жүзеге асып жатқан «Адал азамат», «Әділетті Қазақстан» және «Таза Қазақстан» сияқты жобалардың негізгі мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттырып, мемлекеттілікті нығайту.
-
Бұл кешенді жұмыстардың тұғыры ұлы бабамыздың еңбектерінде көрініс тапқан гуманистік және адамгершілік идеяларға барып тіреледі.
Осы орайда, Қазақстан басшылығы Қожа Ахмет Ясауидің гуманистік идеяларын зерттеп, оны кеңінен дәріптеуге ерекше назар аударып отырғанын жеткізді.