💰 Экономика

 72 мыңнан астам пәтер пайдалануға берілді

 72 мыңнан астам пәтер пайдалануға берілді

Биылғы қаңтар-маусым айларында Қазақстанда 7,9 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,6%-ға көп, деп жазады Ozgeris.info.

Жалпы алғанда, 807 көпқабатты үй, 14 844 жеке тұрғын үй және 22 жатақхана бой көтеріп, 72 мыңнан астам пәтер ел игілігіне берілді. Жаңа құрылыстардың 93%-ын жеке құрылыс компаниялары тұрғызған.

Тұрғын үй саны бойынша Алматы көш бастап тұр. Жарты жыл ішінде мұнда 242 жаңа нысан салынған. Одан кейін Астана (77) мен Алматы облысы (61) орналасқан. Бірақ пәтер саны жағынан Астана алда: елордада 19,1 мың жаңа пәтер берілсе, Алматыда 14,8 мың. Мұндай айырмашылықты мамандар Алматыдағы көпқабатты құрылысқа қойылған шектеулермен байланыстырады.

Жеке тұрғын үй бойынша Алматы облысы бірінші орында, мұнда 2,4 мыңнан астам жаңа үй салынған. Ал көпқабатты құрылыс жағынан Атырау, ШҚО және Маңғыстау облыстары артта келеді: әр өңірде 10–13 үйден ғана бой көтерген.

Өңірлік құрылыс қарқыны да әртүрлі. Түркістан облысы (+18,2%), Ақмола облысы (+15%) мен Шымкентте (+14,5%) өсім байқалса, Қарағанды (-11,3%) мен Абай облыстарында төмендеу тіркелді.

Қосылған құн салығының көтерілуі бағаға қалай әсер етеді деген сұрақ та өзекті. Премьер-министр Олжас Бектенов ҚҚС бойынша жаңа нормалар енгізілгеннен кейін де пәтер бағасы күрт қымбаттамайды деп сендірді. Дегенмен нарықтағы логистика, материал бағасы мен инфрақұрылым шығындары бәрібір өз әсерін тигізуі мүмкін.

 

Барлық жаңалық