Халық қарапайым қажеттіліктерін алу үшін қарызға батып жатыр. Азық-түліктен бастап, дәрі-дәрмек, киім-кешек пен баспана ақысын төлеу үшін несие алу қалыпты жағдайға айналып барады. Әрине, тақырып күнкөріс минимумы аясында болып отыр. Ozgeris.info тілшісі жалғастырады.
Ресми мәліметке сәйкес, 2025 жылдан бастап күнкөріс минимумы айына 46 228 теңге деп белгіленген. Яғни, тәулігіне үш долларға да жетпейтін қаражат. Ал Дүниежүзілік банк белгілеген кедейлік шегінің ең төмен көрсеткіші - күніне 3,15 доллар.
Яғни, үкіметтің пікірінше, халыққа күніне үш доллардан аз ақша жетіп артылады. Айта кету керек, дәл осы көрсеткіш зейнетақы, жәрдемақы және түрлі әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін негізге алынады.
46 мың теңгенің ішіне не кіреді?
Күнкөріс минимумы дегеніміз бір адамның өмір сүруі үшін қажетті ең төменгі табыс мөлшері. Ол шартты түрде екіге бөлінеді:
• 55% – азық-түлікке
• 45% – азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен қызметтерге
Былайша айтқанда, шамамен 25 400 теңге – тамаққа, ал 20 800 теңге – қалған қажеттіліктерге, соның ішінде:
• тұрғын үй мен коммуналдық төлемдерге,
• киім мен аяқ киімге,
• дәрі-дәрмек пен гигиена құралдарына,
• қоғамдық көлікке, демалысқа және өзге де қажеттіліктерге жұмсалуы тиіс.
Еңбекті және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұялатын шығар, аталмыш қаражат туралы егжей-тегжейлі айта қоймайды. Анығы бұл ақшаға бүгінде өмір сүру мүмкін емес.
Кедейлік рационы
Қазақстанда минималды тұтыну себетіне бар-жоғы 47 түрлі азық-түлік өнімі кіреді. Ал БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы ұсынған стандарт бойынша, заманауи адамның тамақ рационында 90-100 негізгі өнім болуы тиіс: күріш, бидай, ет, сүт өнімдері, балық, жеміс-жидек, көкөніс, бұршақ және тағы басқалар.
Басқаша айтқанда, халыққа екі есе аз азық-түлік жеткілікті деп есептейді біздің министрліктер.
Әлеуметтік әділеттілік пе, әлде соның елесі ме?
Күнкөріс минимумы әлеуметтік саясаттың айнасы. Ол зейнетақы, еңбекақы, жәрдемақы мөлшерін есептеу мен халықтың кедейлік деңгейін анықтауда негіз ретінде алынады.
Тағы бір ресми дерекке назар аударайық. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылдың IV тоқсанындағы орташа жалақы – 434 982 теңге.
Бұл сандарға шын сенетіндер бар ма? Шынайы өмірде халықтың басым бөлігі бұдан әлдеқайда аз табыс табады. Қазақстандықтар табысының 60%-дан астамын азық-түлікке жұмсайды, ал мысалы Германия мен Финляндияда бұл көрсеткіш 10–12% ғана.
Тамақ үшін несие алатын заман
Бүгінде азаматтардың тамаққа несие алуы ешкімді таңғалдырмайды. Демалысқа бару үшін, не тұрмыстық техника сатып алса бір сәрі, күнделікті тамақтарын да несиеге алатын жағдайға жеткен. Расымен де, әлеуметтік дағдарыстың көрсеткіші.
Ал мемлекет шынайы күнкөріс деңгейін мойындаудан әлі де бас тартып отыр. Осылайша, әлеуметтік әділеттілік тек ұран ғана.
46 228 теңгеге өмір сүру мүмкін бе? Жауап бәріне мәлім, мүмкін емес. Десе де, дәл осы сома Қазақстанның әлеуметтік саясатының іргетасы болып қалып отыр.