Қазақстанда бәс тігулерді тіркейтін Бірынғай есеп жүйесі жайлы дау қайта басталды. Бұрын бұл жүйе тек техникалық бақылау құралы сияқты көрінетін. Бірақ соңғы күндері депутаттар жариялап, кейін өшіріп тастаған ақпарат бәрін төңкеріп жіберді. Сол мәліметке қарағанда, жүйе жинайтын комиссиялық түсімнің 80 пайызы жуырда ғана Қазақстанда тіркелген NomaPay компаниясына бағытталуы мүмкін, деп жазады Ozgeris.info.
Бұл – жай ғана цифр емес. Букмекерлік нарықтың жылдық айналымы 3,9 трлн теңге. Егер бұл ақпарат расталса, триллионға жуық қаражат бюджетке емес, жеке компанияға кетеді деген сөз. Бұл жағдайды саясаттанушы Талғат Қалиев былай түсіндіреді:
«Бірынғай есеп жүйесі алғаш пайда болған кезде оның негізгі мақсаты басқа еді. Мемлекетке тұрақты табыс әкелу, сонымен бірге жастарды ойыннан қорғау көзделген. Ал қазіргі ұсынылып отырған механизм осы идеядан мүлде алыстап кеткен сияқты. Түсімдердің басым бөлігінің жеке компанияға кететіні туралы ақпарат көңілге қаяу салады. Мен жұмыс тобында жүргенде бұл жүйеге қарсы болғанымды жасырмаймын. Жеке құрылым өз табысын көбейту үшін ойыншыларды көбейтуді көздейді. Бұл лудоманияны азайтпайды. Ең қиын жері – осынша үлкен қаражаттың шетелдік компанияға берілу мүмкіндігі. Бюджет тапшылығы бар кезде, ҚҚС өсіру талқыланып жатқанда, мұндай схема ақылға сыймайды».
Мәселенің ауыр тұсы бір ғана қаржы емес. Егер бұл схема іске асса, шетелдік компания біздің азаматтардың жеке дерегіне де қол жеткізеді. Бәс тігулерге тыйым салынған мемлекеттік қызметкерлердің деректері де сол компанияның иелігіне өтуі мүмкін. Бұл ұлттық қауіпсіздік үшін өте қауіпті. Осы түйіткілдің бәрі бір сұраққа тіреледі. Мұндай модель заңға қайшы келмей ме? Бұл сұрақты күшейткен тағы бір фактор бар. 2025 жылдың 29 қарашасында Үкімет №1025 қаулысына өзгеріс енгізді. Қаулыда анық жазылған:
«Министрлік табыс әкелетін қызметті жүзеге асырса, алынған табыс республикалық бюджетке жіберіледі. Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше жазылмаса».

Бұл норма ешқандай дүдәмал ой айтпайды. Егер министрлік жүйені реттесе, ол жүйеден түсетін барлық табыс бюджетке түсуге міндетті. Ал енді жүйеден түсетін миллиардтар NomaPay компаниясына бекітілген болса, бұл қаулыға қалай сәйкес келеді? Осыған байланысты Туризм және спорт министрлігіне ресми сұрау жіберілді. Онда үш нақты сұрақ бар:
1.Бірынғай есеп жүйесінің комиссиялық түсімі бюджетке қалай түседі?
2. Негізгі қаржылық ағымдарды жеке компанияға беру қандай заңға сүйенеді?
3. Mинистрлік бұл модель туралы ашық әрі толық түсініктеме бере ме?
Бүгінгі дау осы сұрақтар жауапсыз қалғаннан ушығып отыр. Бірынғай есеп жүйесі енді жай ғана техникалық қызмет емес. Бұл ел экономикасына, бюджетке, жеке деректердің қауіпсіздігіне әсер ететін үлкен механизм. Ең басты мәселе – министрлік реттейтін жүйеден түсетін триллиондар жеке компанияға кетуі заңға қайшы емес пе? Жауап берілмейінше, бұл сұрақ қоғамда басылмайды.
Осы жерден бір үлкен мәселенің ұшы шығады. Бірынғай есеп жүйесі шын мәнінде ойын бизнесін реттейтін жаңа құрал емес. Бұл – Ресейде енгізілген «ЦУПИС» жүйесінің айна қатесіз көшірілген нұсқасы. Ол жерде бұл жүйе мемлекетке емес, жеке тұлғаларға және халықаралық санкцияға іліккен банкке жұмыс істейді. Осындай нақты қауіп жөнінде мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек өткен аптада ескерткен. Бірақ оның жазбасы көп өтпей ізім-қайым жоғалып кетті. Журналистер көтерген сұрақ та, депутат көрсеткен қауіп те жауапсыз қалды.

Бақытжан Базарбек өз мәлімдемесінде Қазақстанға енгізілмек болған жүйесінің түпкі мәнін ашық жазды. Оның айтуынша, бұл ұсынылып отырған құрылым Ресейдегі «ЦУПИС» деген жүйенің дәл өзі. Мемлекеттік реттеу болып көрінгенімен, оның астарында жеке компания тұр. Осы компания Қазақстан азаматтарының жеке мәліметіне, қаржылық операцияларына және тіпті қауіпсіздікке қатысты деректерге қол жеткізе алады. Депутат сондай-ақ бұл жүйе елді екінші санкциялық соққының астында қалдыруы мүмкін екенін айтты.
Алайда бірнеше сағаттан кейін оның жазбасы әлеуметтік желіден жоқ болды. Бұл әрекет мәселенің тек экономикалық емес, геосаяси деңгейде тұрғанын көрсетті.
Қазақстанға бұл жүйені жарнамалаушылар оны Ресейде офшорларды жеңген, нарықты тәртіпке келтірген құрал ретінде сипаттайды. Алайда нақты жағдай басқаша. Ресейдегі «ЦУПИС» заң жүзінде мемлекеттік орган емес. Ол жеке құрылым. Оператор ретінде «Мобильная карта» деген ұйым жұмыс істейді. Оның бенефициарлары – екі рет сотталған Умар Кремлев және Еуропа мен Америка санкция салған ВТБ банкі.
Осы жүйе Ресейдегі онлайн бәс тігулердің бәрін бір орталыққа жинайды, миллиардтаған ақша ағынын бақылауда ұстайды және миллиондаған азаматтың жеке дерегін өзінде сақтайды. Бұл монополия шынайы бәсекемен пайда болған жоқ. Ол рейдерлік тәсілдер мен саяси байланыстар арқылы пайда болды. Ресейде «ЦУПИС» жеке жүйе болғанымен, оған мемлекеттік сипат беру үшін «Единый регулятор азартных игр» деген ұйым жасалған. Бірақ оның құрамында отырғандардың басым бөлігі Умар Кремлев басқаратын Ресей бокс федерациясымен байланысы бар. Яғни, қадағалауға тиіс адамдар мен пайда көріп отырған тұлғалар бір ортада.
Экономикалық тұрғыдан бұл жүйе мүлде тиімсіз. Бір жылда оның шығындары 7,6 миллиард рубльге жеткен. Ал түсірген пайдасы 31 миллиард рубль болған. Ресейдің банктерін түгел қамтитын төлем жүйесі бұдан әлдеқайда аз шығынмен жұмыс істейді. Еуропаның ең ірі SEPA жүйесінің шығыны 2,5 миллиард рубль шамасында. Ал «ЦУПИС» соның бірнеше есе көп қаражатын ішкі қажеттіліктерге жұмсайды.