Қазақстанда балаларды қосымша білім беру ұйымдарына қабылдау ережелері өзгерді, деп жазады Ozgeris.info.
Енді спорт секциясына, шығармашылық үйірмеге немесе дамыту орталығына тіркелу үшін ата-аналардан құжаттар толық әрі нақты түрде талап етіледі. Бұл өзгерістер Білім министрінің 2025 жылғы 2 тамыздағы бұйрығымен бекітіліп, 23 тамыздан бастап күшіне енеді.
Жаңа тәртіпке сай, ата-ана немесе заңды өкіл үйірмеге қабылдау үшін қағаз түрінде немесе ақпараттық жүйелер арқылы мына құжаттарды тапсыруы қажет: өтініш, өзінің паспорты, № 027/у медициналық анықтама және жеке деректерді өңдеуге келісім. Бұл құжаттар баланың денсаулығын, жеке мәліметтерінің қауіпсіздігін және қабылдау процесінің ресмилігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Құжаттарды тексеру жұмысын ұйым мамандары немесе «Азаматтарға арналған үкімет» қызметкерлері жүргізеді. Егер құжаттарда қате табылса немесе кейбірі жетіспесе, тіркеуден бас тартылады. Ал өтініш Госкорпорация арқылы берілген жағдайда, қызмет көрсету мерзімі келесі күннен бастап есептеледі.
Сала мамандары бұл өзгерістер ата-аналарға қосымша жүктеме әкелгенімен, балалардың қауіпсіздігі мен білім беру процесінің заңдылығын күшейтеді деп отыр. Енді үйірме немесе секцияға қабылдау – жай ғана формалдылық емес, нақты ережеге бағынатын рәсім болмақ.