💰 Экономика

2026 жылы жүздеген жеке кәсіп жабылуы мүмкін бе?

Қазақстанда шағын бизнес үшін ауыр кезең басталуы мүмкін. Кәсіпкерлер 2026 жылдан бастап жүздеген мың жеке кәсіпкердің жұмысын тоқтату қаупі бар екенін айтып отыр. Бұл кейінгі 15 жылдағы ең ірі жабылу толқынына айналуы ықтимал, деп жазады Ozgeris.info.

Алаң туып, ылаң басталды

Бұл қауіп Қазақстанның Пресс клубында өткен баспасөз жиынында айтылды. Сауда, логистика, қызмет көрсету, құрылыс, креативті индустрия және шағын әрі орта бизнес өкілдері заңды тұлғалар мен жеңілдетілген режимдегі жеке кәсіпкерлер арасындағы жұмысқа шектеу қоятын өзгерістерге қарсы шықты. Кәсіпкерлердің айтуынша, ұсынылып отырған түзетулер өзара есепке алуды шектеп, жеңілдетілген режимдегі жеке кәсіпкерлермен жұмыс істеуге іс жүзінде тыйым салуға әкеледі. Бұл өз кезегінде жаппай жабылуға, көлеңкелі еңбекке кетуге және жұмыссыздықтың өсуіне себеп болуы мүмкін.

Сауда желілері одағы басқарма төрағасының орынбасары Елбегі Абдиев қазіргі бөлшек сауда жүйесінің дәл осы жеңілдетілген салық режиміне сүйеніп тұрғанын айтты. Оның сөзінше, заң бойынша сауда желілері жеткізушілерге бизнес көлеміне қарамастан тең мүмкіндік беруге міндетті. Бұл талапты бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

«Бүгінгі таңда жеткізушілерді сауда желілеріне кіргізудің негізгі тетігі жеңілдетілген салық жүйесіне сүйеніп тұр. Ұсынылып отырған шектеулер шағын бизнестің дамуына үлкен тосқауыл болады. Сауда желілері өмір сүре береді, ассортимент қысқаруы мүмкін, бірақ ірі ойыншыларға қатты соққы болмайды. Алайда бұл шағын кәсіпкерге жұмыс істеу жолын жабуға болады деген сөз емес. Ең қатты зардапты дәл осы қабат көреді», деді ол.

Елең еткізген жаңалық елден көшіріп жатыр

Креативті индустриялардың өкілдері де алаңдаулы. Born Nomad инкубаторының директоры әрі Қазақстанның креативті индустрия альянсының төрайымы Айка Алеми кино, музыка, дизайн, архитектура, жарнама, өнер салалары түгелге жуық жеке кәсіпкерлер мен өзін өзі жұмыспен қамтығандардан тұратынын атап өтті. Бұл салалардың ішкі жалпы өнімге қосып отырған үлесі 2–3% болса да, дамыған елдерде ол 10% жетеді.

«Бүгінде микро, шағын және орта бизнестің экономикаға қосып отырған үлесі шамамен 40%. Қазақстанда тіркелген 2 млн 300 мың осындай субъект бар, соның 2 миллионы белсенді жұмыс істеп отыр. Бұл дамыған елдердің көрсеткіштерімен шамалас. Мұның бәрі жеңілдетілген салық режимінің арқасында мүмкін болды. Бұл жүйе кәсіпкерлерге есеп жүргізбей, кітап толтырмай, бар назарын бизнеске аударуға мүмкіндік берді. Көп жағдайда жеке кәсіпкерде 1 немесе 2 адам ғана жұмыс істейді. Ондай жағдайда бухгалтер ұстап, күрделі есеп жүргізу мүмкін емес», деді ол.

Айка Алемидің айтуынша, дәл осы жеңілдетілген режим креативті индустриялардың негізін қалады. Мобилографтар, дизайнерлер, кино саласының мамандары, жарнама өкілдері жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істеп келді. Қазір ұсынылып отырған шектеулер олардың бизнес жүргізу мүмкіндігін жоққа шығарады.

«Қазірдің өзінде кейбірі қызметін Қырғызстан мен Өзбекстанға көшіріп жатыр. Басқалары жеке кәсіпкерлігін жауып, бейресми жұмысқа кетуге дайындалып отыр. Бұл мамандар кез келген елден жұмыс істей алады. Сондықтан кадрлардың кету қаупі өте жоғары. Халықтың табысы төмен, несие жүктемесі жоғары кезде салықтың артуы бұл үрдісті одан әрі жылдамдатады. Сондықтан жүздеген мың кәсіпкер бұған қарсы. Дизайнерлер, жарнама саласы, кино және театр өкілдері, кредиттік индустрияда жұмыс істейтін 144 мың субъектінің ешқайсысы бұл шарамен келіспейді», деді ол.

Жұмыссыздық жаулайды

Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Жанара Жакупова бұл реформаның салдары көп күттірмейтінін ескертті.

«Менің сөзімді есте сақтаңыздар. Егер ештеңе өзгермесе, 2026 жылдың жазына қарай жұмыссыздық басталады. Алғашқы 6 айда бизнес қалай да шыдауға тырысады. Ал жаппай жабылу маусым мен шілде айларында басталады. 2026 жылдың қорытындысында 5 трлн теңге салық жиналуы мүмкін. Бірақ біз мұндай дағдарысты 2009 жылы бастан өткердік. Бұл реформаның салдарын 2027 жылы толық сезінеміз. Кейін қалыптасқан жұмыссыздықты, кеткен компанияларды қалай реттейтініміз түсініксіз. Әлеуметтік салдары ауыр болады. Қазір 500 мың теңге табатын адам келесі жылы 300 мың теңгеге түседі. Оның үстіне бағалар өседі. Өмір сүру деңгейі қаншалықты төмендейтінін елестетіп көріңіздер», деді ол.

«Экстремальная Атлетика» компаниясының бас директоры Тимур Артюхин бұл өзгерістер жобалық бизнеске тікелей соққы болатынын айтты. Оның сөзінше, іс шара, жарнама және қызмет көрсету саласында ірі, орта және микробизнес арасында тығыз байланыс бар.

«Мұндай компаниялар үшін бір реттік жобаларға жүргізуші, фотограф, дизайнер, маркетолог тарту өте маңызды. Жаңа жағдайда жеңілдетілген режимдегі жеке кәсіпкерлермен жұмыс істеу мүмкін болмай қалады. Бұл микробизнесті жеткізу тізбегінен толық шығарып тастайды», деді ол.

Тимур Артюхин мұның соңы нарықтың монополиялануына әкелетінін атап өтті. Қосылған құн салығымен жұмыс істейтін ірі компаниялар ғана нарықта қалады. Ал шағын кәсіпкерлерге кіретін есік жабылады.

«Енді ірі компаниялармен жұмыс істеу үшін микробизнес жалпыға бірдей режимге өтуі керек болады. Бұл бухгалтер ұстау деген сөз. Ал елде сонша бухгалтер қайдан табылады. Біліксіз мамандар көбейеді, есеп тапсыруда қателер артады. Жеңілдетілген режимде екі батырманы басып, салықты төлеп қоя салуға болатын. Ал жалпы режимде ондай жоқ, бухгалтерсіз мүмкін емес», деді ол.

Тыңдар құлақ болса, шешім бар

Осылай Жаңа Салық кодексі қоғамда үлкен талқыға түсті. Әсіресе жеке кәсіпкерлер үшін енгізілетін өзгерістер көп сұрақ тудырып отыр. Экономист Айбар Олжаев бұл дауды ушықтырмай, екі жаққа да тиімді етіп шешуге болатын нақты ұсынысын айтты.

Жаңа Салық кодексіндегі нормаларға сәйкес, жеңілдетілген режимде отырған жеке кәсіпкерлер заңды тұлғаларға қызмет көрсеткен кезде олардың шығыны енді шегерімге жатпайды. Үкімет мұндай қадам арқылы табысты бөлшектеу мен салықты оңтайландыруды тоқтатуды көздеп отыр. Бұл логиканы түсінуге болады. Алайда мәселені шешудің жолы тым күрделі болып кеткендей әсер қалдырады.

Айбар Олжаевтың айтуынша, мәселенің түйіні салық мөлшерінде емес, есеп жүргізу тәсілінде жатыр.

«Үкімет жеңілдетілген режимдегі жеке кәсіпкерлер арқылы салықтан қашуды тоқтатқысы келетіні түсінікті. Бірақ осы үшін барлық жеке кәсіпкерлерді міндетті түрде жалпыға бірдей белгіленген режимге өткізу дұрыс емес. Егер бұрынғыдай заңды тұлғаларға қызмет көрсетуге арналған жеңілдетілген режимді қалдырып, тек айналымнан алынатын салықты 3 пайыз емес, 10 пайыз қылып белгілесе жеткілікті. Жеке тұлғалармен жұмыс істейтін жеңілдетілген режим бұрынғыдай 3 пайыз болып қала береді. Осылайша мәселе өз өзінен шешілер еді», дейді экономист.

Оның пікірінше, мұндай шешім ірі және орта бизнесті де автоматты түрде тәртіпке келтіреді. Себебі айналымнан 10 пайыз салық төлеген жағдайда табысты бөлшектеу мен жасанды оңтайландырудың еш мәні қалмайды. Ал бұрын жеңілдетілген режимде отырып, заңды тұлғалармен жұмыс істеп келген жеке кәсіпкерлер жаңа режимге еш қиындықсыз ауыса алады.

«Мемлекеттік кірістер комитеті тек бір ғана нәрсе істеуі керек. Салық есептілігінің жаңа 910а нысанын жасап беруі қажет. Жеке кәсіпкер сол нысанды бұрынғыдай жарты жылда бір рет тапсырады, салығын төлейді де жұмысын жалғастыра береді. Ең бастысы тапсырыс беруші компания бұл шығынды өз есебінен шегерімге қоса алуы тиіс», дейді Айбар Олжаев.

Экономистің айтуынша, жеке кәсіпкер үшін салықтың 3 пайыз немесе 10 пайыз болуы шешуші фактор емес. Себебі ол салықты бәрібір өз бағасына қосады.

«Жеке кәсіпкер 3 пайыз төлей ме, 10 пайыз төлей ме айырмашылық үлкен емес. Ол бәрібір сол салықты өз прайсына қосады. Негізгі мәселе салық көлемінде емес. Негізгі мәселе артық бюрократияда, есептің күрделенуінде, бухгалтер ұстау қажеттілігінде», дейді ол.

Қазір көптеген жеке кәсіпкер есепті өз бетімен тапсырып үйреніп алған. 910 нысанын өзі толтырады. Электронды акт пен электронды шот фактура жасауды меңгерген. Бухгалтер ұстамай-ақ жұмыс істеп отыр. Бұл олардың қалыптасқан, ыңғайлы жүйесі. Айбар Олжаевтың ойынша, Үкімет осы қолайлы тәртіпті бұзбауы керек.

«Жеке кәсіпкерлер өздерінің осы қалыптасқан ыңғайлылығынан айырылғысы келмейді. Үкімет керісінше осыны қолдауы керек. Сонда екі жақ та ұтады. Үкімет салық түсімін бірден арттырады. Табыс бөлшектеу мен жасанды оңтайландыру өз өзінен тоқтайды. Ал жеке кәсіпкерлер бұрынғыдай жеңіл режимде қалып, бухгалтер ұстап, қаптаған есеп тапсырып жүйкесін тоздырмайды»,  дейді экономист.

Экономист мұндай шешімді нағыз ортақ мүддеге негізделген жол деп санайды. Мемлекет үшін де тиімді, жеке кәсіпкер үшін де ауыртпалығы аз. Салық жиналады, тәртіп орнайды, ал шағын бизнеске тыныс алу мүмкіндігі сақталады.

Барлық жаңалық