📰 Сарапшылар пікірі

Визасы бар ескі паспорт құжат ауыстырғанда, жарамсыз болып қала ма?

Құжат ауыстыру мәселесі көп адамның басына келетін жағдай. Әсіресе аты-жөніңізді қазақшалау немесе әке-шеше атындағы қателіктерді түзету кезінде түрлі қиындықтар туындауы мүмкін. Экономист Мақсат Халықтың өзі мұндай жағдайды бастан кешкен екен. Ол тәжірибесімен бөлісіп, көпшілікке пайдалы кеңес ұсынады, деп жазады Ozgeris.info.

«Ов пен ев жалғауларын алып тастау – көптен ойымда жүрген дүние еді. Бірақ менің жағдайымда бұл іс біршама күрделі болды. Себебі әкемнің құжаттарында орыстандырудың кесірінен «Халық» есімі «Калик» болып бұрмаланып кеткен. Соның салдарынан мен де барлық құжаттарда «Каликов» болып кеттім» дейді ол.

Алғашында Халыққа қызмет көрсету орталығына барғанында, қызметкерлер К әрпін Қ-ға ауыстырып, текті «Қалық» деп жазуды ұсынған. Бірақ бұл нұсқа көңілінен шықпаған. Ол көп ізденіп, Тіл білімі институтына барып, ресми анықтама алған. Ғалымдар «Калик» деген сөз қазақ тілінде жоқ, ол – «Халық» деген сөздің бұрмаланған нұсқасы деген қорытынды беріпті. Соның негізінде Мақсат Халық туу туралы куәлігін, жеке куәлігін, паспорты мен отбасылық құжаттарын кезең-кезеңімен жаңартқан.

«Паспорттағы ең үлкен уайымым – ұзақ мерзімге алынған визам болды. АҚШ-тың 10 жылдық визасы бар еді. Оны не істеймін деп қатты ойландым. Бірақ мәселе оңай шешіледі екен. Жай ғана өтініш жазып, визасы бар ескі паспортты мерзімі біткенше өзіммен бірге ұстай беретін болдым» дейді ол тәжірибесі туралы.

Дипломдарға қатысты да алаңдаудың қажеті жоқ екен. Халыққа қызмет көрсету орталығы «азаматтың аты-жөні өзгергені расталады» деген анықтама береді. Сол анықтаманың өзі жеткілікті саналады.

«Егер аты-жөніңізді қазақша жазып, нағыз ұлттық болмысыңызға сай болғыңыз келсе қорықпаңыз. Бұл бір күндік шаруа емес, бірақ табандылық танытсаңыз, нәтиже шығады. Әрқайсымыз осылай әрекет етсек, елімізде ұлттық сана мен тілге деген құрмет күшейе түседі» дейді Мақсат Халық.

 

Барлық жаңалық