💰 Экономика

Елімізде қанша нәзік жанды бар?

Елімізде қанша нәзік жанды бар?

Еліміздің демографиялық картасына көз салсақ, әйелдер қауымының орны ерекше екенін көреміз. Ұлттық статистика бюросының соңғы мәліметінше, бүгінде Қазақстанда 10 488 074 әйел тұрады, деп жазады Ozgeris.info.

Еліміздегі әйелдердің орташа жасы – 34,1. Егер оларды жас ерекшелігіне қарай жіктеп көрсек, басым бөлігі (яғни 55,5%-ы) – 16 мен 60 жас аралығындағы белсенді буын. Ал бойжеткендер мен кішкентай қыздар (0-15 жас) бүкіл әйелдердің 29,1%-ын құраса, 61 жастан асқан әжелеріміздің үлесі – 15,4%.

Географиялық тұрғыдан алсақ, нәзік жандылардың ең көп шоғырланған нүктесі – Алматы қаласы. Мұнда 1,2 млн әйел тұрады. Одан кейін Түркістан облысы (1 млн) мен елордамыз Астана (803,5 мың) келеді. Алматы облысы да артта емес, мұнда 778,5 мың әйел тіркелген.

Еңбек нарығы: Әйелдер қайда жүр? Қазіргі қазақстандық әйелдің бейнесі – ол тек отбасы ұйытқысы ғана емес, сонымен қатар еңбекқор маман. Бүгінде 4,4 млн әйел (жалпы әйелдердің 48%-ы) ресми түрде жұмыс істейді. Әсіресе, 35 пен 44 жас аралығындағы нәзік жандылар еңбек майданында аса белсенді.

Әйелдер көбіне қай салаларды таңдайды?

  • 20%-ы білім беру саласында болашақ ұрпақты тәрбиелеп жүр;

  • 19%-ы сауда-саттықпен айналысады;

  • 10%-ы денсаулық сақтау саласында халықтың саулығын күзетеді.

Жалдамалы жұмысшылардың тең жартысы (50%) – әйелдер болса, өз ісін дөңгелетіп отырғандардың арасында да үлесі жоғары (45%). Тіпті, жеке кәсіпкерлердің ішінде әйелдердің үлесі ерлерден асып түсіп, 50,8%-ға жеткен. Бұл қазақстандық әйелдердің іскерлікке бейім екенін тағы бір мәрте дәлелдейді.

 

Барлық жаңалық