Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен Бюро отырысында алдағы жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасы нақтыланды деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Депутаттарға 2024 жылғы 13 қарашада Бакуде қол қойылған Әзербайжан, Қазақстан және Өзбекстан арасындағы жасыл энергияны өндіру және беру саласындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімді қарау ұсынылады.
Құжат жаңартылатын энергия көздері саласындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Сонымен қатар жасыл энергия әлеуетін тиімді пайдалану және экологиялық таза электр энергиясының саудасын дамыту көзделген.
Сонымен қатар Мәжіліс қарауына Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы одақтастық қатынастар туралы шарт енгізіледі. Бұл құжат саяси, экономикалық, әскери, ғылыми, мәдени және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуді қарастырады.
Жалпы отырыстың күн тәртібіне сондай-ақ ТМД елдері арасындағы радиациялық жағдай мониторингінің деректерімен алмасу туралы келісім енгізілді.
Бұдан бөлек, депутаттар Қазақстан мен Катар арасындағы қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заң жобасын жұмысқа қабылдауды жоспарлап отыр.