✅ Пайдалы

8 наурыз: Гүл мен сыйлық алғанда сақ болыңыз

8 наурыз: Гүл мен сыйлық алғанда сақ болыңыз

8 наурыз мерекесі жақындаған сайын адамдар жақындарына гүл мен сыйлық алып, бір-бірін қуантқысы келеді. Бірақ дәл осы мерекелік қарбалас алаяқтар үшін де «жұмыс» қызатын уақытқа айналады. Қазақстанның Бас прокуратурасы мереке қарсаңында азаматтарға арнайы ескерту жасап, алаяқтардың жиі қолданатын тәсілдері туралы айтты, деп жазады Ozgeris.info.

Әдетте алаяқтар адамдардың мерекелік көңіл күйін пайдаланады. Бұл кезде гүлге, сыйлыққа тапсырыс көбейеді, онлайн төлемдер де жиілейді. Осындай жағдайды пайдаланып, олар азаматтардың ақшасына немесе жеке деректеріне қол жеткізуге тырысады.

Бас прокуратураның айтуынша, алаяқтар жиі қолданатын тәсілдердің бірі – гүл немесе сыйлық жеткізу рәсімделгені туралы хабарлау. Олар «тапсырысты растау үшін» телефонға келген SMS кодты айтып беруді сұрайды. Кейде жалған ұтыс, бонус немесе акция ұтып алдыңыз деп хабарлап, растау кодын талап етеді. Тағы бір жағдайда өздерін банк қызметкері, қауіпсіздік қызметінің өкілі немесе курьерлік компания қызметкері ретінде таныстырып, адамдарды сендіруге тырысады.

Мұндай кезде ең бастысы – бір реттік SMS кодтың құпия екенін ұмытпау керек. Бұл код қаржылық операцияларды растау үшін беріледі. Егер адам оны бөтен біреуге айтып қойса, оның банктегі ақшасы шешіліп кетуі мүмкін. Тіпті кей жағдайда адамның атына несие рәсімделуі немесе банк қосымшасына бөтен адамның кіру қаупі де бар. Сондықтан банк қызметкерлері де, құқық қорғау органдары да телефон арқылы SMS код, құпия сөз немесе банк картасының деректерін сұрамайтынын есте сақтаған жөн.

Рас, кейбір жағдайда растау коды шынымен қажет болуы мүмкін. Мысалы – сіз алдын ала тауарға тапсырыс беріп, жеткізуді күтіп отырған кезде. Сол кезде курьер келгенде тауарды алғаныңызды растау үшін код қолданылуы мүмкін. Бірақ егер сіз ештеңе тапсырыс бермеген болсаңыз, ал біреу қоңырау шалып немесе хабарлама жазып код сұраса – әңгімені бірден тоқтатқан дұрыс.

Мереке қарсаңында алаяқтар әлеуметтік желілерде де белсенді болады. Әсіресе Instagram мен TikTok платформаларында жалған парақшалар ашып, гүлдер мен түрлі сыйлықтарды өте арзан бағамен ұсынып жатады. Олар үлкен жеңілдіктер мен акциялар туралы айтып, алдын ала төлем сұрайды. Ал ақша жіберілгеннен кейін ол парақшалар жабылып қалады немесе сатушымен байланысу мүмкін болмайды.

Сондықтан гүл мен сыйлықты тек сенімді сатушылардан алған дұрыс. Төлем жасар алдында ақша жіберетін адамның деректемесін мұқият тексеру керек. Күмәнді сілтемелерге өтпеу де маңызды. Ең бастысы – қандай жағдай болса да бөтен адамдарға SMS код пен банк деректерін беруге болмайды.

Егер қандай да бір күмәнді жағдай туындаса, банкке тек ресми нөмір арқылы өзіңіз хабарласқан жөн. Ал алаяқтыққа тап болдым деген күдік болса – құқық қорғау органдарына дереу жүгінген дұрыс.

Барлық жаңалық