Қоғам

Тоқаев екібастұздық полиция майорын марапаттады

Тоқаев екібастұздық полиция майорын марапаттады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық әйелдер күні қарсаңында өткен салтанатты рәсімде Екібастұз қаласының аға тергеушісі Жаңылсын Сағадатқа "Жауынгерлік ерлігі үшін" мемлекеттік наградасын табыс етті, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.

Полиция майоры ішкі істер органдарында ұзақ жылдар қызмет етеді. Ол өз жұмысында жоғары жауапкершілік танытып, бірқатар қылмыстық істі сәтті тергеді. Осы еңбегінің арқасында тергеуші азаматтардың құқықтарын қорғады. Оған бұл марапат кәсіби шеберлігі мен адал қызметі үшін берілді.

- Мен үшін ел Президентінің қолынан мемлекеттік награда алу - үлкен мәртебе. Бұл тек менің еңбегімнің ғана емес, бүкіл ұжымымыздың жұмысына берілген баға. Ішкі істер органдарында күн сайын өз міндетін адал атқарып, азаматтардың құқықтарын қорғап, әділдікті қамтамасыз ететін жандар қызмет етеді. Маған қолдау көрсетіп, сенім білдірген басшылық пен әріптестеріме алғыс айтамын. Алдағы уақытта да заң мен қоғамға адал қызмет етемін, – дейді Жаңылсын Сағадат.

Екібастұз қаласы полиция басқармасының бастығы Төлеген Құдайбергенов бұл марапат күн сайын азаматтардың қауіпсіздігін қорғап жүрген барлық қызметкерлердің еңбегіне берілген жоғары баға екенін айтты.

Жаңылсын Сағадат полиция жұмысына мектепте оқып жүргенде қызыққан. Ол кезде Екібастұз қаласының тәртіп сақшылары оқушылармен кәсіптік бағдар беру кездесуін өткізген. Оқушы қыз мектепті аяқтаған соң Ішкі істер министрлігінің Қарағанды академиясына оқуға түсті. Жоғары білім алғаннан кейін ол қалалық полиция басқармасына жұмысқа қабылданды. Жас маман тергеуші ретіндегі алғашқы тәжірибесін ұрлық пен тонау қылмыстарымен күрес бөлімшесінде жинады.

Барлық жаңалық