💰 Экономика

Қазақстанда әр екінші кәсіпті әйелдер жүргізеді ме?

Қазақстанда әр екінші кәсіпті әйелдер жүргізеді ме?

Қазақстанда әйелдердің кәсіпкерлікке келуі соңғы жылдары айқын байқалады. Қазір шағын және орта бизнес жүргізетіндердің арасында әйелдердің үлесі айтарлықтай жоғары. Статистикаға қарасақ, кәсіптің жартысына жуығын дәл осы нәзік жандар басқарып отыр, деп жазады Ozgeris.info.

Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігі экономикадағы маңызды күшке айналып келеді. Ұлттық экономика министрлігінің дерегіне қарағанда, 2025 жылы елде 1 миллионнан астам әйел шағын және орта бизнесті басқарған. Бұл елдегі барлық кәсіпкерлердің 48,1% деген сөз. Яғни, еліміздегі әрбір екінші кәсіпкерге жуық адам әйел.

Кәсіпкер әйелдер түрлі бағытта жұмыс істеп жүр. Олардың көбі сауда, қызмет көрсету, білім беру және қоғамдық бастамалар саласында компаниялар ашып жатыр. Соңғы жылдары технологияға негізделген жобалар да көбейіп келеді. Кейбір жобалар тек табыс табуды ғана емес, қоғамның дамуына үлес қосуды да мақсат етеді.

Әйелдер ең жиі таңдайтын салалар да белгілі. Көпшілігі саудамен айналысады. Сонымен қатар қызмет көрсету саласы, бьюти индустрия, қоғамдық тамақтану орындары және білім беру жобалары кең таралған. Бұдан бөлек соңғы кезде экология бағытындағы жобалар, әлеуметтік кәсіпкерлік және жергілікті өндіріс саласы да дамып келеді.

Бизнесті бастау немесе дамыту үшін мемлекет тарапынан да қолдау бар. Қазақстанда кәсіпкерлерге арналған арнайы қолдау орталықтары жұмыс істейді. Ұлттық экономика министрлігінің қолдауымен елде 20 кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы бар. Бұған қоса шағын қалалар мен ауылдарда 164 өңірлік орталық жұмыс істеп тұр. Бұл орталықтарда кәсіп ашқысы келетін немесе бизнесін дамытқысы келетін адамдар тегін кеңес ала алады.

Әсіресе кәсіпті жаңадан бастағысы келетін әйелдерге түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Оларға бизнесті тіркеу, дұрыс қызмет бағытын таңдау, құжаттарды рәсімдеу, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу және тендерлерге өтінім беру сияқты мәселелер түсіндіріледі. 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін осы бағытта 60 249 қызмет көрсетілген. Бұл көмекті 16 326 әйел алған.

Ал жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер үшін бөлек қолдау бар. Мұндай жағдайда кәсіпкерлер бухгалтерия, салық, есептілік жүргізу, 1С жүйесімен жұмыс істеу, бизнес жоспар жасау және бизнесті жарнамалау сияқты мәселелер бойынша кеңес ала алады. Бұл бағытта 6 410 әйелге 7 106 қызмет көрсетілген.

Кәсіпкерлер үшін халықаралық байланыс орнатуға мүмкіндік беретін бағдарламалар да бар. Соның бірі Деловые связи деп аталатын халықаралық бағдарлама. Бұл бағдарлама кәсіпкерлерге шетелдегі әріптестермен байланыс орнатуға және шетелде тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Жалпы бұл бағдарламаға 36 кәсіпкер қатысқан. Оның ішінде 10 кәсіпкер әйел.

Ауылдағы кәсіпкерлер үшін де арнайы жоба іске асырылып жатыр. Оның атауы Одно село один продукт. Бұл бағдарлама ауылдағы жергілікті өндірушілерді дамытуға бағытталған. Қызығы сол, осы жобаның қатысушыларының 90%-ы әйелдер.

Жоба аясында 1000-нан астам адам кеңес алған. Солардың ішінде 742 әйел бар. Нәтижесінде 38 кәсіпкер әйел жобаның финалисі атанған. Бағдарлама қатысушыларына 5 миллион теңгеге дейін мемлекеттік грант алу мүмкіндігі беріледі. Сонымен қатар олар оқыту, бренд жасау және өнімді нарыққа шығаруға қатысты қолдау алады.

Қазақстанда әйелдерге арналған тағы бір халықаралық бағдарлама бар. Оның атауы Женщины в бизнесе. Бұл жоба European Bank for Reconstruction and Development ұйымымен бірге жүзеге асырылады. Бағдарлама 2015 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде 565 консалтинг және коучинг жобасы өткізілген. Сонымен қатар Женщины в микробизнесе деп аталатын онлайн бағдарламаға шамамен 10 мың кәсіпкер әйел қатысқан.

Кәсіпкерлер үшін қаржылай қолдау да қарастырылған. Мысалы мемлекет субсидия арқылы несие алуға мүмкіндік береді. Кәсіпкерлер үшін несие мөлшерлемесі 13,2% деңгейінде ұсынылады. Ал әлеуметтік кәсіпкерлер үшін бұл көрсеткіш 12,2%. Несие сомасы 200 миллион теңгеге дейін беріледі. Қарызды қайтару мерзімі 3 жылға дейін.

Жалпы бұл бағдарлама арқылы 3373 жоба қолдау алған. Олардың жалпы сомасы 365,7 миллиард теңге. Соның ішінде 1423 жоба немесе 42% әйелдерге тиесілі. Әйелдер жүзеге асырған жобалардың жалпы құны 119,7 миллиард теңге болған.

Кейбір кәсіпкерлер үшін басты мәселе кепіл мүлік болады. Осындай жағдайда мемлекет несиеге кепілдік беріп көмектеседі. Арнайы кепілдік қорлары арқылы кәсіпкерлер 7 миллиард теңгеге дейін несие ала алады. Ал мемлекет тарапынан берілетін кепілдік көлемі 85% дейін жетеді. Бірақ ол 3,5 миллиард теңгеден аспайды.

Осы механизм арқылы 3110 жоба қолдау тапқан. Олардың жалпы құны 603,4 миллиард теңге. Оның ішінде 1262 жобаны әйелдер жүзеге асырған. Олар 132,4 миллиард теңге көлемінде несие алып, мемлекеттен 67,7 миллиард теңге кепілдік алған.

Осының бәріне қарап бір нәрсе анық байқалады. Қазақстанда әйелдер тек отбасының тірегі ғана емес. Олар экономиканың да белсенді қатысушысына айналып келеді. Бүгінде көптеген кәсіптің артында әйелдердің еңбегі мен бастамасы тұр.

 

Барлық жаңалық