Қоғам

Қазақстан криптоактивтерге $700 млн инвестиция салады

Қазақстан криптоактивтерге $700 млн инвестиция салады

Қазақстанның Ұлттық банкі алтын-валюта резерві мен Ұлттық қор қаражаты есебінен мемлекеттік крипторезервке 700 миллион долларға жуық қаржы бөлетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты. 

Бас банк төрағасы Тимур Сүлейменов жұма күні өткен брифингте арнайы портфельдің қалыптасқанын және алғашқы инвестициялар биылғы сәуір немесе мамыр айларында құйыла бастайтынын жеткізді.

Қаржы реттеушісі басшысының сөзінше қазіргі уақытта ірі инвестициялық компаниялар мен түрлі мемлекеттердің қорлары криптовалюта нарығына белсенді түрде кіріп жатыр. Осы әлемдік үрдістен қалыс қалмау үшін Ұлттық банк басқармасы былтыр қараша айында тиісті шешім қабылдап, алтын-валюта резервінен 350 миллион доллар көлемінде қоржын қалыптастырған. Алдағы уақытта дәл осындай көлемдегі сома Ұлттық қордан да қарастырылмақ.

Жаңа резерв қаражаты тек тікелей криптовалюта сатып алуға жұмсалмайды. Бұл бағытта сандық қаржы активтеріне қатысы бар жоғары технологиялық компаниялардың акциялары мен криптоактивтерге ұқсас динамика көрсететін индекстік қорлар сияқты түрлі құралдар қолданылады. Сүлейменов бұл активтердің бұрынғыдай тек жоғары тәуекелді аймақта емес екенін атап өтті.

Бұл ретте Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова қаржының нақты қайда бағытталатынын түсіндірді.

«Біз криптовалютаға салынатын қандай да бір ірі инвестиция туралы айтып отырған жоқпыз, қазір сандық активтермен және криптовалюта инфрақұрылымымен айналысатын компанияларды іріктеп жатырмыз», – деді Молдабекова.

Биылғы 1 ақпандағы ресми мәлімет бойынша еліміздің алтын-валюта резерві 69,4 миллиард долларды, ал Ұлттық қордың активтері 65,2 миллиард долларды құраған. Мемлекеттік деңгейде арнайы криптовалюта резервін құру туралы бастама 2025 жылдың маусым айының соңында белгілі болған еді.

Барлық жаңалық