Қазақстанның Ұлттық банкі биылғы 1 шілдеден бастап азаматтарға несие беру ережесі қатаңдайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Бас банк төрағасы Тимур Сүлейменов бұдан былай қарыз алу үшін міндетті түрде ресми табыс көзі қажет болатынын жеткізді.
Шілде айына дейін қаржы институттары қарыз алушының борыш жүктемесі мен оның табысқа қатынасы коэффициенттерін әзірлеуі тиіс. Бұл екі көрсеткіш те адамның өз несиесін төлей алу қабілетін тікелей көрсетеді.
«Біз табысы жоқ адамға банктің несие беруіне жол бере алмаймыз, ол адам біраз уақыт төлейді, кейін төлей алмай қалады, ал банк одан қарызды өндіріп алуға тырысады. Бұл экономикалық, қаржылық және әлеуметтік тұрғыдан өте нашар жағдай. Бұған жол беруге болмайды. Осы мақсатта макрофункционалды нормативтерді енгізгіміз келеді, олар қазір де бар, бірақ біз бұл жүйені адамның табысына тікелей тәуелді болатындай етіп қайта реттемекпіз», – деді Сүлейменов брифинг барысында.
Ұлттық банк басшысы міндетті медициналық сақтандыру мен зейнетақы жарналары арқылы көрінетін таза табыстың маңыздылығын атап өтті. Оның сөзінше бұл қаржы ұйымдарына клиенттің тұтынушылық, ипотекалық немесе автонесиені төлей алатынын нақты бағалауға мүмкіндік береді.
«Банктер сіздің шотыңызға ақша түсіп жатқанын көреді, сәйкесінше несиені оңай береді. Ал егер таза табыс болмаса, бәрі қолма-қол ақшамен жүрсе, банктер мұндай несиелерді беруге құлықсыз болады, бұл өте дұрыс шешім, өйткені табыс көзі көрінбесе, қарыз берілмеуі керек», – деді ол.
Сонымен қатар Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арнайы қаулы жобасын әзірледі. Бұл құжатқа сәйкес соңғы бір жыл ішінде қарызын 90 күннен артық кешіктірген клиенттер үшін борыш жүктемесі коэффициенті 0,5-тен 0,25-ке дейін төмендейді. Сондай-ақ банктер қарызды тексеру және қайта құрылымдау үшін азаматтардың несиелік есептерін пайдалана алады.