Қазақстанда бірінші тоқсанның салық аптасы аяқталысымен валюта нарығындағы ахуал қайта құбыла бастады. Соңғы күндері доллар бағамы 480 теңгеден асып, ұлттық валюта әлсіреді. Бұған дейін ғана теңге 458 деңгейіне дейін нығайған еді. Әдетте тоқсандық салық төлемдері кезінде экспорттаушы компаниялар долларын сатып, теңгеге айырбастайтындықтан, бұл кезеңде ұлттық валюта күшейе түсетін, деп жазады Ozgeris.info.
Алайда биыл нарықта мүлде басқа көрініс қалыптасты. Экономист Ғалым Құсайынов мұны теңгені ұстап тұрған дәстүрлі факторлардың әлсіреуімен байланыстырады. Сарапшының пікірінше, қазіргі бағам толыққанды нарықтық тепе-теңдіктің нәтижесі емес. Керісінше, уақытша әрі әкімшілік сипаттағы тетіктер теңгені жасанды түрде күшейтіп отыр. Мұндай жағдай ұзаққа созылса, кейін нарықта күрт құбылыс болуы мүмкін.
Бір қарағанда, теңгенің нығаюы халық үшін тиімді секілді көрінеді. Шетелдік тауар арзандайды, импорт бағасы тұрақталады, инфляция баяулайды. Бірақ экспортқа тәуелді экономика үшін шамадан тыс күшейген валюта бюджетке де, өндіріске де салмақ түсіреді. Биылғы республикалық бюджет доллар бағамы шамамен 540 теңге болады деген есеппен бекітілген. Ал бірінші тоқсандағы орташа бағам 497 теңге шамасында қалыптасты. Яғни, жоспарланған деңгейден шамамен 8 пайыз төмен болды. Бұл мемлекет кірісіне тікелей әсер етеді. Өйткені мұнайдан, металдан және өзге де шикізаттан түсетін негізгі салықтар валюта бағамымен тығыз байланысты.
«Салық аптасы кезінде теңге әдетте нығая түсетін. Бірақ биыл біз керісінше жағдайды көрдік. Бағам апта бойы 470 теңге деңгейінде сақталып, кейін әлсірей бастады. Бұл теңгені күшейтіп тұрған факторлардың әлсіреп келе жатқанын көрсетеді. Қазір импорт өсіп жатыр, демалыс маусымы басталды, долларға сұраныс көбейді. Нарықтағы қысым енді біртіндеп күшейеді», дейді Ғалым Құсайынов.
Экономистің пікірінше, соңғы айларда теңгені күшейткен ең ірі факторлардың бірі – Ұлттық банктің алтын сатып алу жүйесіндегі өзгерістер. Бұрын Ұлттық банк отандық алтын өндірушілерден алтынды теңгемен сатып алып, оған сәйкес көлемде валюта сатпайтын. Соның салдарынан компаниялар кейін ішкі нарықтан доллар іздеп, бұл валютаға деген сұранысты күшейтетін. 2025 жылдан бастап бұл тәсіл өзгерді. Енді Ұлттық банк алтын сатып алған көлемге сай нарыққа доллар шығара бастады. Ал дәл осы кезеңде әлемдік нарықта алтын бағасы күрт қымбаттады.
Нәтижесінде ішкі валюта нарығына қосымша миллиардтаған доллар түсті. Сарапшының есебінше, бір жыл ішінде валюта ұсынысының өсімі 4,4 миллиард долларға жеткен. Бұл Қазақстан қор биржасындағы валюта саудасының шамамен 7 пайызына тең. Әрине, мұндай көлем теңге бағамына әсер етпей қоймайды. Бірақ бұл тұрақты экономикалық негіз емес.
«Қазір теңге алтын бағасының қымбаттауына қатты тәуелді болып қалды. Алтын өскен сайын нарыққа көбірек валюта шығып жатыр. Бірақ бұл фактор мәңгі сақталмайды. Егер алтын арзандай бастаса, біз дәл осы механизмнің кері әсерін көреміз. Бүгін теңгені ұстап тұрған нәрсе ертең оны әлсірететін қысымға айналуы мүмкін», дейді сарапшы.
Теңгені уақытша күшейткен тағы бір тетік – квазимемлекеттік сектордың валюталық түсімді міндетті түрде сатуы. Қазір мұнай, уран және металл экспорттайтын ұлттық компаниялар валюталық кірістің белгілі бір бөлігін ішкі нарықта сатуға міндетті. Шикізат бағасы жоғары болған сайын нарықтағы доллар көлемі де көбейеді. Бұған тоқсан сайынғы салық кезеңіндегі сатылымдар қосылады. Ірі экспорттаушылар корпоративтік табыс салығын, пайдалы қазбаларды өндіру салығын және ренталық төлемдерді төлеу үшін долларын теңгеге айырбастайды.
Алайда биыл бұл механизм де бұрынғыдай әсер бермеді. Бұл ішкі нарықтағы доллар сұранысының күшейгенін аңғартады. Әсіресе импорт көлемі артып келеді. Теңге күшейген сайын шетелдік тауар арзандайды, ал бұл импортқа тәуелді экономиканың валютаға деген сұранысын көбейтеді. Сарапшы мұны алдағы айларда теңгеге қысым түсіретін ең басты факторлардың бірі деп санайды.
«Бізде бағам күшейсе, импорт бірден өседі. Себебі бизнес арзан валюта кезеңін пайдаланып қалуға тырысады. Бірақ бірнеше айдан кейін сол импорт үшін қайтадан доллар қажет болады. Қазір нарыққа кірген валюта кейін сыртқа шыға бастайды. Әдетте мұндай әсер екі-төрт айдан кейін анық сезіледі», дейді Ғалым Құсайынов.
Соңғы жылдары сыртқы қарыз көлемінің өсуі де валюта нарығына әсер етіп отыр. Ұлттық банктің мәліметі бойынша, 2025 жылдың соңында Қазақстанның сыртқы қарызы 182 миллиард долларға жеткен. Бұл – соңғы 17 жылдағы ең жоғары өсім. Қазір квазимемлекеттік сектор да, жекеменшік компаниялар да сырттан көбірек қаржы тартып жатыр. Мұндай қаражаттың бір бөлігі ішкі нарыққа сатылып, теңгені уақытша күшейтеді. Бірақ кейін сол қарыз импортқа немесе несие төлеміне жұмсалғанда, керісінше, валютаға сұраныс артады.
Бұған қоса жоғары базалық мөлшерлеме де теңгені уақытша қолдап отыр. Теңгедегі мемлекеттік бағалы қағаздардың табыстылығы жоғары болғандықтан, шетелдік инвесторлар Қазақстан нарығына белсенді кіріп жатыр. 2025 жылы олардың мемлекеттік бағалы қағаздарға салған инвестициясы 82 пайызға өсіп, 2 триллион теңгеге жеткен.
Бірақ мұндай капитал тұрақты болмайды. Ол тез келеді, сол сияқты тез кетеді. Нарықтағы жағдай өзгерсе немесе базалық мөлшерлеме төмендесе, инвесторлар қаражатын жаппай әкетуі мүмкін.
«Қазір нарықтағы ең үлкен тәуекелдің бірі – қысқамерзімді капиталға тәуелділік. Шетелдік инвесторлар жоғары табыс үшін келіп отыр. Бірақ сыртқы жағдай өзгерсе немесе экспорттық тауарлардың бағасы түссе, олар бірінші болып нарықтан шығады. Сонда бүгін теңгені күшейтіп тұрған фактор ертең оны күрт әлсірететін қысымға айналады», дейді экономист.
Сарапшы тағы бір маңызды мәселе ретінде заңды тұлғалардың валюта сатып алуына қойылған шектеулерді атайды. Қазір көптеген компания болашақтағы тәуекелден қорғану үшін алдын ала доллар сатып ала алмайды. Бұл бизнеске қосымша қысым түсіреді. Себебі импорт қажет болған кезде олар валютаны әлдеқайда қымбат бағамен сатып алуға мәжбүр болуы мүмкін.