«Қазақмыс» компаниялар тобы республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы экологиялық игі бастамаларын жалғастырып жатыр. Көктемгі тазалық пен абаттандыру жұмыстарына кеншілер мен металлургтер де белсенді атсалысуда деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
18 сәуір күні компания қызметкерлері Жезқазған қаласындағы Наурыз саябағына жиналып, 150 түп жас ағаш отырғызды. Бұл игі іс-шараға қажетті көшеттер мен арнайы құнарлы топырақты компания өз мойнына алған. Жұмысшылар шұңқыр қазып, ағаш егіп қана қоймай, олардың алғашқы суғарылуын да қамтамасыз етті. Енді бұл жасыл желектің одан әрі өсіп-өнуі мен күтімін саябақ әкімшілігі қадағалайтын болады.
Ағаш егу – «Қазақмыстың» өңірлердегі экологиялық жобаларының бір парасы ғана. Өткен аптада ғана компанияның 700-ге жуық жұмыскері ауқымды сенбілікке шығып, кәсіпорын аумақтары мен қала көшелерінен 95 тонна қоқыс шығарған болатын.
Тазалық эстафетасы мұнымен тоқтаған жоқ. Соңғы күндері кеншілер мен металлургтер Жезқазған, Сәтбаев және Балқаш қалаларындағы өндірістік нысандардың айналасын ретке келтіріп, тіпті Балқаш көлінің жағалауын қоқыстан тазарту жұмыстарын ұйымдастырды.
Қоршаған ортаға қамқорлық жасауды мақсат еткен компания бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізбек. Экологиялық бастамалар, оның ішінде дәстүрге айналған «Таза бейсенбі» акциясы сәуір және мамыр айларында да жалғасын табады. Бұл өңірдің экологиялық ахуалын жақсартып, қала тұрғындары үшін жайлы орта қалыптастыруға қосылған елеулі үлес болмақ.