Цифрлық алаяқтық күн сайын күрделеніп барады. Бұрын тек банк карталарына шабуыл жасалса, қазір адамдарды пәтерінен, жинаған қорынан және жеке мәліметтерінен айыратын қылмыстық схемалар жиіледі. Мұның бір нақты мысалы белгілі журналист Кәкен Қамзиннің оқиғасы, деп жазады Ozgeris.info.
Бәрі қарапайым бір қоңыраудан басталды
12 маусым күні Кәкен Қамзинге өзін «қалалық энергожүйенің қызметкерімін» деген белгісіз әйел қоңырау шалып, есептегішті ауыстыру керек екенін айтып, жеке деректерін сұрайды.
«Телефонда қалалық энергосетьттің логотипі тұр. Сендім. Түнімен жазу жазып, ұйқылы-ояу басым еш ойланбай деректерімді беріп жіберіппін», дейді журналист.
Көп ұзамай екінші қоңырау түседі. Бұл жолы өзін «Қаржы бақылау департаментінің» қызметкерімін деген адам сөйлеседі.
«Сіздің Egov-тағы барлық мәліметтеріңіз алаяқтардың қолына түсіп қалды. Неге бересіз, енді оларды іздестірумен, құрықтаумен біз айналысамыз. Бірақ бұл операция өте құпия жағдайда жүргізіледі, сіз ол туралы жақын-жұрағаттарыңызға да тіс жармайсыз», деп ескертеді.
Осыдан кейін Кәкен ағамен бейнеқоңырау арқылы тағы бір адам байланысқа шығып, өзін ҰҚК-нің майоры Мальтиев деп таныстырады. Ол: «Бәрі конфиденциально, сіз азамат ретінде алаяқтарды ұстауға көмектесуге міндеттісіз, әйтпесе Қылмыстық кодекс бойынша жазаға тартыласыз», деп қатаң түрде талап қояды.
«Бәрі, міне, осыдан басталды. Одан кейін бір жағынан қатты сенген, екінші жағынан еңсем түскен басым солардың жетелеуіне ілесіп кете беріппін. Оны, әрине, кейін, болары болып, бояуы сіңгеннен кейін түсіндім. Оны, әрине, кейін, болары болып, бояуы сіңгеннен кейін түсіндім. Содан кейін олар мынау сізге көмектесер «мықты адвокат» деп Абай деген жігітті ұсынды. Осы үшеуміз іс жүргіземіз деді. Үшеуі үш түрлі номермен байланысқа шығып отырды. Сонан кейінгі схема былай жалғасты. Ол кезде оның алаяқтық жол екенін қайдан білейін. Өткенде жазғанымдай, телефондық гипноз болуы да ықтимал. Күнделікті өмірде ақшамды бір банк карточкасынан екінші банктің карточкасына өзім аудара алмай, қызым көмектесетін. Ал бұл жерде бүкіл ақшамды өзім шешіп берген екенмін», дейдә Кәкен Қамзин.
Ақша, пәтер – бәрі қолдан кетті
Бастапқыда олар «сіздің атыңыздан 4 миллион теңге кредит рәсімделді, соны жабу керек» деп сендірген. Кәкен Қамзин бірнеше терминалдан ақша салып берген. Одан соң Халық банктегі 5 миллион теңгені шешіп, курьерге қолма-қол табыстаған.
«Сол күні ғой деймін, айқын есімде жоқ, «сіздің атыңыздан біреулер төрт миллион теңге кредит алып үлгеріпті, соны жабу керек, ақшаңыз ешқайда кетпейді, «Ұлттық банктің» есебінде тұрады. Касса 24 деген терминалға салыңыз», - деді. Олар көрсеткен мекен-жайларға барып, бірнеше терминалдан жіберіп отырыппын. Артынша олар «Ұлттық банкке» салынған ақшаның көшірмесін жіберді. Одан кейін жедеқабыл, ертеңінде ғой деймін, сіздің есебіңіздегі ақшаға қауіп төніп тұр, соны Халық банктен шешіп алыңыз, біз курьер жібереміз, ол да «Ұлттық банктің» есебіне түседі, ақшаңыз ешқайда кетпейді деп сендірді. Сонан соң қорымдағы бес миллион теңгені шешіп алып курьерге беріппін. Курьермен кездесу сағат төрттер мөлшерінде Әуезов көшесі мен Абай даңғылындағы Халық банктің алдында өтті. Курьердің суретін түсіріп алдым, ар жағымда бір күдік жылт етті ме, кім білсін. Бірақ кешкі сегіздер мөлшерінде (қателесуім де мүмкін) ақшаның «Ұлттық банк» есебіне түскені туралы мәлімет келді. Имандай сендім», дейді ол.
Кейінірек олар үйді сатуды талап етеді. «Сіздің Egov-тағы барлық деректеріңізді жаңалау керек, сондықтан үйіңізді нотариус арқылы нарықтық бағадан төмен қаржыға сатыңыз, үй де, ақша да ешқайда кетпейді», деп сендіреді. Сөйтіп 26 маусымда пәтерін 31 миллион теңгеге сатып, ақшаны тағы да «курьерге» тапсырады.
«Шындығын қазір ес жиғанда түсініп отырмын, ол кезде бәрін өз еркіммен істедім деп айта алмас едім. Сөйтіп, үйімді 26 маусымда 31 миллион теңгеге нотариус арқылы саттым. Олар менің атымнан Крыша сайтына үйдің сатылып жатқаны туралы хабарландыру салады. Одан кейін екі кибералаяқтың нұсқауы бойынша ақшаны кешкісін сағат сегіздерде курьермен «КНБ-ның точкасына» жөнелттім. Олар бір-екі сағаттан кейін ақшаның «Ұлттық банктің» есебіне түскенін хабарлап, чектің көшірмесін жіберді. «Барлығы дұрыс болады, сіздің Egov-тағы деректеріңіз толық жаңаланып жатыр, енді алаяқтар оған кіре алмайды, онымен Абай адвокат айналысып жатыр», дейді Кәкен аға.
Үйді сатып алғандар да зардап шекті
Бұл оқиғада жалғыз Кәкен Қамзин ғана емес, үйді сатып алған төрт балалы отбасы да алаяқтардың құрбанына айналған. «Үйімді сатып алған 4 баласы бар отбасы да кибералаяқтардың құрбаны болып отыр. Оларға 5 шілдеге дейін 33 миллион жинап береміз деп уағдаласқанбыз. Өкінішке қарай, ол уәдемізде тұра алмадық», дейді журналист.
Сатып алушыларға уақытша басқа пәтер жалдап беруге шәкірттері көмектесіп, кейін олар 25 тамызға дейін күтуге келіскен.
Қазір не болып жатыр?
Кәкен Қамзин мен оның отбасы қазір пәтерді қайтару үшін халықтан көмек сұрауға мәжбүр.
« Қазір «гипнозға» түсіп қалып, банк қосымшаларын жүктеп, пәленбай миллиондап кредит алып қойған талай адам туралы естіп те жатырмыз. Дәл менікіндей схема бойынша алданып қалған ҚР еңбегі сіңген архитектор туралы да оқыған боларсыздар. Алаяқтар арбауына түсіп қалған жалғыз мен емес. Мұндай жағдайлардың көбісі қоғам назарына ілікпей, жабулы қазан күйінде қалып жатыр. Зардап шегіп жатқан қарапайым халық. Мен бұл ақпаратты сіздерге, туған-туысқандарыңызға сабақ болсын деген оймен жариялап отырмын. Екіншіден, үйімді сатып алған 4 баласы бар отбасы да кибералаяқтардың құрбаны болып отыр. Оларға 5 шілдеге дейін 33 миллион жинап береміз деп уағдаласқанбыз. Өкінішке қарай, ол уәдемізде тұра алмадық. Тиісті ақша жиналмады. 2 күн бұрын сатып алушылардың жалдамалы үйіне 3 шәкіртім мен қызым барып, бізге тағы 25 тамызға дейін уақыт беруге әрең көндірді. Енді бізде 3 аптадай ғана уақыт бар. 500 мың теңге задатогын қолдарына бердік. Қазіргі уақытта 5 683 231 теңге жиналды. Енді 26 миллион 816 мыңдай ақша керек. Өзімнің жағдайымды баяндадым. Амалдың жоғынан қалың жұртшылықтан, өздеріңізден көмек сұрауға мәжбүрмін», дейді ол.