Шымкенттің шетіндегі Қайнарбұлақ елдімекенінде орны толмас қайғылы жағдай тіркелді. Жеке тұрғын үйде алапат өрт шығып отыз тоғыз жастағы келіншек қаза тапты. Марқұм сегіз баланың анасы еді. Ол өз жақындарының көз алдында ауыр дене жарақатын алып көз жұмды. Төтенше жағдайдың басталу сәті бақылау камераларына жазылып қалған, деп хабарлайды ozgeris.info сайты ulysmedia.kz ке сілтеп.
Бұл шаңырақ көрпе мен матрас тігу кәсібімен айналысқан екен. Сол себепті үйде өте көп мөлшерде мақта сақталған. Тілсіз жау алты-жеті тонна шикізатты лезде жалмап кетті. Жалын өте жылдам тараған. Көршілер айқайды ести сала бірден көмекке ұмтылыпты. Бірақ олар жеткенде аула түгелдей отқа оранып үлгерген.
Он жеті жастағы тұңғыш ұл жанұшыра қимылдап анасын жанып жатқан үйден алып шыққан. Осы әрекеті барысында жасөспірімнің өзін де күйік шалыпты. Отағасы Айдос Боранбаев та жұбайын құтқару үшін соңына дейін арпалысқан. Ер адам өртті өз күшімен сөндіруге тырысқанын қайғыра жеткізді. Алайда келіншектің денесінің сексен пайызы толықтай күйіп кеткен.
Отбасының үлкен қызы көз алдында болған сұмдықтан кейін қатты есеңгіреп қалды. Ал кішкентай сәбилер уақытында далаға шығып үлгергендіктен аман-есен. Оқиға орнына бірінші жеткен жергілікті тұрғын Ержан Ырысбаев балалардың сыртта қорқыныштан үрейленіп жүгіріп жүргенін көрген. Қазіргі таңда құзырлы мамандар осы ауыр апаттың барлық егжей-тегжейін зерттеп жатыр.