Жаңалықтар

"Қазақмыс" қолдаған бастама: Қатардағы ұстаздар мен оқушылар халықаралық деңгейге қалай көтерілді

"Қазақмыс" қолдаған бастама: Қатардағы ұстаздар мен оқушылар халықаралық деңгейге қалай көтерілді

Жезқазған қаласында "Ustaz Ulytau" педагогикалық трансформация орталығы өзінің бес жылдық мерейтойын атап өтті. "Даму траекториясы: жаңа мүмкіндік" атауымен ұйымдастырылған алқалы жиында білім саласының бүгіні мен болашағы терең талқыланды. Басқосуға жиналған ұстаздар қауымы, сарапшылар мен мемлекеттік орган өкілдері атқарылған істі қорытындылап, алдағы жұмыс бағытын айқындап қайтты, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Бұл маңызды бастама осыдан бес жыл бұрын "Қазақмыс корпорациясы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тікелей қолдауымен өмірге келген еді. Қысқа уақыт ішінде жоба компания құзырындағы аймақтардың ең ірі білім ордасына айналып үлгерді. Қазіргі таңда Ұлытау, Қарағанды және Жамбыл облыстарындағы сексен бес мектеп, қос колледж бен екі қосымша білім беру мекемесі осы игіліктің шарапатын көріп отыр.

Жобаның басты мұраты өте айқын. Бала қай жерде тұрса да сапалы біліммен сусындауы тиіс. Оған қоса мұғалімдердің де кәсіби біліктілігін үздіксіз шыңдауға зор жағдай жасалған. Оқу ордаларында заманауи тәсілдер кеңінен қолданылып, STEM бағыты, ағылшын тілін оқыту технологиялары мен кәсіби бағдар беру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мектеп басшылары мен педагогтерге арналған біліктілік арттыру курстары да жүйелі түрде өткізіледі.

Орталық жұмысының ең сүбелі жемісі ұстаздар мен оқушылардың шетелден тәжірибе жинақтауы дер ек. Осы жылдар ішінде қырық үш оқушы және ғылыми жоба жеңімпаздары жетекшілерімен бірге Ұлыбританияға барып, арнайы тілдік бағдарламаны тәмамдады. Жиырма екі мұғалім, он мектеп директоры мен үш кәсіби бағдар беруші маман халықаралық тағылымдамадан өтіп қайтты.

Дарынды жастарды қолдау ісі тіпті жаңа деңгейге көтерілді. Қаныш Сәтбаев атындағы химия олимпиадасы қатардағы республикалық сайыстан халықаралық білім бәйгесіне ұласты. 2025 жылы өткен дүбірлі додада Қазақстан, Қырғызстан және Ресей елдерінің командалары бақ сынады. Жеңіс тұғырынан көрінген үздіктердің қатарында Ұлытау облысының өрендері де бар.

Педагогтердің өзара байланысын бекемдеу үшін арнайы Мектеп директорларының клубы құрылған. Алпыс бес білім ұйымының басшысын біріктірген орта озық басқару тәжірибесімен алмасуға таптырмас алаң болып тұр. Осы жобаның шыңдауынан өткен мамандардың біразы қазір білім беру жүйесінде басшылық қызметтердің тізгінін ұстаған.

Трансформация орталығының жұмыс ауқымы мұнымен шектелмейді. Оқу-ағарту министрлігі, Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, "Дарын" орталығы және еліміздің жетекші жоғары оқу орындарымен тұрақты қарым-қатынас орнатылған. Мұндай ортақ ынтымақтастық өңірлердегі білім сапасын еселеп, заманауи тәжірибені енгізуге тікелей ықпал етеді.

Тұтастай алғанда адам капиталын дамыту және білімді қолдау "Қазақмыс" тобының басты әлеуметтік саясаты болып қала бермек. "Ustaz Ulytau" бастамасы өскелең ұрпақтың өркендеуіне жол ашып, аймақтардағы мұғалімдердің мәртебесін биіктету жолындағы жүйелі еңбектің айқын көрінісіне айналды.

Барлық жаңалық