Жаңалықтар

"Ешқандай кешірім жоқ": Әл-Фарабидегі жол апатынан қаза тапқан қыздың әкесі мәлімдеме жасады

"Ешқандай кешірім жоқ": Әл-Фарабидегі жол апатынан қаза тапқан қыздың әкесі мәлімдеме жасады

Алматыдағы жол апатынан көз жұмған Томиристің әкесі сот отырысында сөз сөйлеп, айыпталушы Александр Пакты кешірмейтінін ашық айтты, деп хабарлайды ozgeris.info сайты. 

Әкесінің сөзінше, Томирис 2005 жылдың 26 желтоқсанында дүниеге келген. Ол қызын барынша аялап өсіріп, сапалы білім алуы үшін барлық жағдайды жасағанын жеткізді.

– Қызымды жақсы көріп өсірдім. Бірінші сыныптан бастап ақылы мектепте оқыды, оған ай сайын 300 мың теңгеге жуық қаражат төлеп отырдым. Оның болашағы үшін қолымнан келгеннің бәрін жасадым, – деді ол.

Сот барысында Томиристің ата-анасы бірнеше жыл бұрын ажырасқаны белгілі болды. Әкесі бұрынғы жұбайымен арада сыйластық сақталғанын, алайда тағдыр жолдарының екіге айырылғанын айтты.

– 2018 жылдан бері бірге тұрмаймыз. Ол бес бала дүниеге әкелді. Томирис – мен жер қойнына тапсырған екінші қызым. Бір қызымыз небәрі бір жарым айлығында шетінеп кеткен еді. Қалғандары – ұл балалар. Өмірде әртүрлі жағдай болады. Оның өз отбасы, өз өмірі бар, қайта тұрмыс құрды, – деді марқұмның әкесі.

Сондай-ақ ол бұрынғы жұбайының өтемақы алғанын түсінетінін айтып, мұндай шешім балалардың болашағын ойлағандықтан қабылданған болуы мүмкін екенін жеткізді.

Дегенмен бұл жағдай оның көзқарасын өзгерте алмаған.

– Маған достарым да, таныстарым да хабарласып, «Кешірдің бе?» деп сұрап жатыр. Көпшілік біздің ажырасқанымызды да білмейді. Бірақ менің жауабым біреу – ешқандай кешірім жоқ, – деді ол.

Еске сала кетейік, негізгі сот отырысына жол апатынан қаза тапқан үш адамның туыстарының екеуі қатысып, Александр Пакқа кешірім беріп, оған шартты жаза тағайындауды сұраған болатын.

Барлық жаңалық