📰 Сарапшылар пікірі

Рейстердің кешігуі мен тоқтатылуы: Жолаушылардың құқығы неге қорғалмайды?

Соңғы жылдары Қазақстанда әуе рейстерінің кешігуі мен тоқтатылуы жиілеп кетті. Бұған түрлі себептер бар. Қолайсыз ауа райы, әуе кемелерінің техникалық ақаулары, не болмаса әуе компанияларының ұйымдастырудағы олқылықтары. Әлеуметтік желі дамыған заманда танымал адамдардан бастап қарапайым жолаушыларға дейін шулы оқиғалар жиі тіркелуде. Мысалы кеше жұбайымен жолға шыққан белгілі тележүргізуші Тимур Балымбетов рейсінің 5 сағатқа кешіккенін айтып фото жариялаған. Ал танымал әнші Бүркіт видеожазба қалдырып, жоғалтқан қаражатын қайтаруды талап етті. Қанша десек де, жолаушылар үшін күйзеліске айналатын аталмыш оқиғалардың түпкі себебі неде? Неліктен әуекомпаниялар өз міндеттемелерін толық орындамайды? Жолаушылардың құқығы неге тапталады? Ozgeris.info тілшісі сарапшылардың пікіріне сүйене отырып, тақырыпты зерттеп көрді. 

Танымалдылық көмектеспейді

Әнші Бүркіт FlyArystan әуе компаниясынан Алматы - Орал бағытына билет сатып алған. Алайда рейстің тоқтатылуына байланысты діттеген жеріне жетпеген. Оның айтуынша, төрт адамға 600 мың теңгеден астам қаражат кеткен. Енді ол видеожазба қалдырып, жоғалтқан ақшасын қайтарып беруді талап етті. Оның айтуынша, компания ақшаны қайтарудың орнына ваучер ұсынған, бірақ ол мұндай ұсыныстан бас тартқан.

«Маған бұл ваучердің қажеті жоқ. Мүмкін, мен мүлде ұшпайтын шығармын. Неге мен ақшамнан айырылуым керек? Бұл аз ақша емес», – дейді ол видеода.

Әзірге әуе компания бұл жағдайға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ. Аталмыш оқиға жолаушылардың құқықтары жиі еленбей, компаниялардың өз мүдделерін алға қоятындығының айқын көрінісі.

Мәселенің ауқымы

2024 жылы Қазақстанда 50 мыңнан астам әуе рейсі орындалған. Соның ішінде 12,5 мың рейс уақытында ұшпаған. Оның 68 пайызы әуе компанияларының кінәсінен кешіккен.

Тәуелсіз авиация сарапшысы Серік Мұхтыбаевтың айтуынша, техникалық ақаулар, ұшақтың кеш келуі мен тым тығыз жасалған ұшу кестесі осындай мәселелердің басты себептері.

Қазақстан заңнамасына сәйкес, жолаушылардың келесі құқықтары бар:

- 2 сағаттан аса кешіксе – тегін су және қоңырау шалу немесе электронды хат жіберу мүмкіндігі;

- 4 сағаттан аса кешіксе – ыстық тамақ;

- Ұзақ күту немесе түнгі аялдау кезінде – қонақүй мен оған жеткізу қызметі;

- Рейс тоқтатылса – билет құны толық қайтарылады;

- 5 сағаттан аса кешіксе – жолаушы сапардан бас тартып, ақшасын қайтарып ала алады.

Алайда, іс жүзінде көптеген жолаушылар, соның ішінде Бүркіт сияқты белгілі адамдар да, өз ақшасын қайтарып алу үшін күресуге мәжбүр.

Мамандар жолаушыларға әрдайым тіркеу орнында кешігу себебін нақты, жазбаша түрде талап етуге кеңес берді.

«Одан бөлек барлық түбіртектерді сақтаған абзал. Себебі қонақүй немесе тамақ үшін өзіңіз төлесеңіз, ертең өтемақы өндіріп алуға көмектеседі», - дейді сарапшы. 

Өтемақы неге сирек беріледі

Сарапшының айтуынша, формалды түрде барлық құқықтар заңда көрсетілген, десе де, әуе компаниялары оларды орындауға құлықсыз.

«Жолаушы көбіне әуе компаниясымен бетпе-бет қалады. Мемлекеттік органдар тек айыппұл салумен шектеледі, ал жолаушыға нақты көмек көрсетілмейді. Сотқа дейін барғандардың ғана өтемақы алуға мүмкіндігі бар», – дейді сарапшы Мұхтыбаев.

Компаниялар көбіне өтемақының орнына ваучер ұсынып, жолаушыларды ақшадан айырады. Ал заңда нақты түсіндірілмеген «қайтарымсыз тариф» ұғымы халықтың құқығын шектейді.

Транзиттік жолаушылар не істейді?

Қазақстандағы рейс кешіксе, жолаушы шетелдегі қосымша рейсіне үлгермейді. Жағдай әуе компанияларының код-шеринг немесе interline келісімі бар-жоғына байланысты болады.

«Егер мұндай келісім болса, шетелдік әуе компания жолаушыны қабылдап, оны соңғы пунктіне жеткізуге міндетті. Ал егер қосымша рейске билет бөлек сатып алынған болса, ешқандай талап қоя алмайсыз. Аталған жағдайда тек қазақстандық әуе компаниямен соттасуға тура келеді, ол ұзақ әрі қиын процесс», – дейді Мұхтыбаев.

Не өзгеруі қажет?

Сарапшылардың пікірінше, бізде заң толық жұмыс істемейді, одан да сорақысы мемлекет тарапынан ешқандай бақылау жоқ.  Мысалы, Еуропада рейс 3 сағаттан артық кешіксе, әуе компаниясы жолаушыға 600 еуроға дейін өтемақы төлеуге міндетті. Бізде мұндай нақты талаптар жоқ. Егер заңда «техникалық кінә үшін ақшалай өтемақы беріледі» деп айқын жазылса, жағдай түбегейлі өзгеруі мүмкін.

«Сонымен қатар, жолаушылардың құқықтарын сотқа жеткізбей-ақ қорғайтын делдалдар мен медиаторлардың институты қажет», - дейді маман.

Көптеген жолаушылар өз құқықтарын білмейді. Осындай жағдайда қалай әрекет етуді түсінбейді. Ал әлеуметтік желі арқылы шағым түсіру ол құқықтық сауаттылыққа жатпайды.

«Әлеуметтік желіге шығу трендке айналды. Халықты да түсінуге болады, олардың басқа амалы жоқ. Бірақ, барлық заңбұзушылықтарды тіркеу керек, тасымалдаушыға жазбаша түрде жүгіну керек. Керек болса, сотқа дейін бару керек. Қазір мұны онлайн жасауға болады, бірнеше онлайн сот отырысынан кейін жолаушы соттың шешімін ала алады», - дейді сарапшы.

Егер өрескел заң бұзушылықтар болып жатса, мысалы, қонақүй берілмеуі, тамақсыз қалдыру, баласы бар жолаушыларды далада қалдыру сынды, онда көлік прокуратурасына немесе құқық қорғау органдарына жүгінуге болады.

Әнші Бүркіттің оқиғасы Қазақстандағы мыңдаған жолаушының күнделікті басынан кешіріп жүрген жағдайының бір көрінісі ғана. Рейстердің кешігуі мен тоқтатылуын толықтай болдырмау мүмкін емес. Бірақ жолаушылардың ақшасы мен уақыты зая кетпеуі керек. Сарапшы заңнаманы жетілдіріп, әуе компаниялары өз жауапкершіліктерін мойнына алмайынша, мәселе шешілмейтінін айтады. Ал жолаушылар өз құқықтарын міндетті түрде білуге тырысуы керек, сонда ғана әуе компаниялар халықтың білімсіздігін өз пайдасына шешпейді.

Барлық жаңалық