Әлеуметтік желіде криминалдық әлемде «Рыжий Алмаз» деген атпен танылған Несіпбай Насенов туралы ескі оқиға қайтадан қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Желіде жарияланған жазбаға сүйенсек, 90-жылдары Алматыдағы кеңсесіне екі азамат келіп, көмек сұраған. Олардың айтуынша, Мәскеуде бірге бизнес жүргізген серіктесі келісімді бұзып, серіктестеріне жіберілуі тиіс тауарды қайтарудан бас тартқан.
Оқиғаның соңы қайғылы жағдайға ұласқан. Мәскеулік серіктестер қарызды қайтаруды талап етіп, серіктестің ауыр дертке шалдыққан қызын кепілге алған.
«Не ақшаны қайтарасыңдар, не қызыңды ұмытасыңдар», – деп шарт қойған олар.
Жазбада айтылғандай, мән-жайды тыңдаған Рыжий Алмаз бастапқыда мұндай істерге араласпайтынын айтқан. Алайда науқас қыздың жағдайын ескеріп, көмектесуге келіскен.
«Жалпы, мен мұндай істерге араласпаймын. Бірақ бұл жерде қыздың не кінәсі бар? Оның үстіне ол ауыр науқас екен. Сол қыз үшін араласамын», – деген екен ол.
Кейін мәселесі шешілген соң көмек сұрап келген азаматтар оған алғысын білдірген. Алайда Рыжий Алмаз қыздың әкесіне қол беруден бас тартқан көрінеді. Себебі ол өз пайдасы үшін қызының өмірін қатерге тікті деп есептеген.
Желіде тараған мәліметке сәйкес, нәтижесінде Рыжий Алмаз мәселені шешіп, кепілде қалған қызды Алматыға қайтарып әкелген. Бұл оқиға әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу пікірталас тудырып, көпшілік оның сол кездегі әрекетіне баға беріп жатыр.
Дереккөз: qzq_hub