Қостанайдағы ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 14 жастағы жасөспірім көз жұмды. Бұл ақпаратты Қостанай облысының әкімдігі растады.
Әкімдік мәліметінше, қайғылы оқиға 28 шілде күні кешкі уақытта болған. Қазіргі таңда аталған факті бойынша полиция қылмыстық іс қозғап, баланың нақты неден қайтыс болғанын анықтап жатыр.
Облыс әкімдігінің хабарлауынша, орталықта тәрбиеленушілерге тәулік бойы күтім көрсетіледі. Медициналық бекеттер үздіксіз жұмыс істейді, ал медицина қызметкерлері мен орталық басшылығы күніне екі рет балалардың жағдайын тексереді. Сондай-ақ мекемеде педиатр мен невропатолог қызмет атқарады.
«Күндіз баланың жағдайы қанағаттанарлық болды. Дене қызуы көтерілмеген, ешқандай шағым айтпаған. Белсенді болып, түскі асын ішіп, күндізгі ұйқыға жатқан», – деп мәлімдеді әкімдіктен.
Осыған дейін Қостанай облысы құқық қорғау орталығы мүмкіндігі шектеулі баланың қатты ыстықтың салдарынан жүрегі тоқтап қалғанын және мекемеде бөлмелердің салқындатқышсыз болғанын хабарлаған еді. Алайда әлеуметтік қызмет көрсету орталығы бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Орталықтың мәліметінше, әр топта ауа райы жағдайына сәйкес жұмыс істейтін кондиционерлер орнатылған, тәрбиеленушілер ауыз сумен қамтамасыз етілген және температуралық режим тұрақты бақылауда болған.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Іс Қостанай облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бақылауына алынған.