Айтыскер ақын Мұхтар Ниязов Халық ақыны Әсия Беркенованың дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтып, жазба жариялады, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Ақын марқұммен болған кездесулерін еске алды.
«Тайлақ, келдің бе, сен неге мені құшақтамайсың, сағынбағансың ба, ал мен сендерді күнде сағынамын». Әсия апайдан ең көп естіген сөзім. Мына суретте де құшақтап түсіппін. Рушыл, жершіл адам емеспін. Бірақ үйдегі ағамыз ру жағынан менің ағам. «Қарабура атанның ұрпағының ғой, сондықтан сені тайлақ деп атаймын» дейтін. Әселхан апай екеуі дүниеге бір жылда, бір күнде келген. Енді екеуі де жоқ. Қостанайға тек тойға баратын едік. Өткенде Салтанат, енді Әсия апай… Қостанайға ғана емес, тұтас халыққа көңіл айтатын қаза осы шығар. «Халық ақыны» деп таныстырғанда ерекше нұрланып кететін еді ғой. Иманымыз жолдас болсын, апай!» – деп жазды ақын.
Айта кетейік, ақын Әсия Беркенова 77 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Ол III дәрежелі «Барыс» және «Құрмет» ордендерімен марапатталған.