Жаңалықтар

ҚазҰУ студент қыздың өзіне жарақат салуына қатысты мәлімдеме жасады

ҚазҰУ студент қыздың өзіне жарақат салуына қатысты мәлімдеме жасады

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өзіне дене жарақатын салған студент қыз жедел жәрдемді өзі шақырған. Оқу орнының мәліметінше, қазір оның жағдайы тұрақты. Бұл туралы университет әкімшілігі хабарлады, деп жазады  Ozgeris.info.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде ҚазҰУ-да студент қыздың өзіне жарақат салғаны туралы ақпарат тараған еді. Алматы қаласының полиция департаменті оқиғаның болғанын растағанымен, оның қай оқу орнында тіркелгенін нақтыламаған.

Университет өкілдерінің айтуынша, студент медициналық көмекті өзі шақырған. Ал дәрігерлік құпияны сақтау талаптарына байланысты аурухана оқу орнына қыздың денсаулығы туралы толық ақпарат бермеген. Қазір университет әкімшілігі студенттің ата-анасымен байланыста. Олардың сөзінше, қыздың жағдайы тұрақты.

Бұл – қараша айында ҚазҰУ-да болған алғашқы қайғылы оқиға емес. Осы айда оқу орнының екі студенті көз жұмған. 6 қарашада журналистика факультетінің бірінші курс студенті қайтыс болды. Осы дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғаған.

Ал 16 қарашада университет география және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курс студентінің қазасын растады. Бұл оқиғаға байланысты да қылмыстық іс қозғалып, күдікті ұсталды. Марқұмның анасы ұлының өліміне жоғары курс студенттерінің қатысы болуы мүмкін екенін айтып, оқу орнындағы әлімжеттік мәселесін көтерген.

Екі студенттің өлімінен кейін Ғылым және жоғары білім министрлігі ҚазҰУ-да кешенді тексеру жүргізілетінін мәлімдеген. Ал соңғы оқиға университеттегі студенттердің қауіпсіздігі мен психологиялық жағдайына қатысты мәселені қайта көтерді.

 
 
Барлық жаңалық