Жаңалықтар

2027 жыл өте ыстық болуы мүмкін, қауып-қатерді ескеру қажет - Мемлекет басшысы

2027 жыл өте ыстық болуы мүмкін, қауып-қатерді ескеру қажет - Мемлекет басшысы

Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету — ең маңызды міндет. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің ІІІ форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп жазады Ozgeris.info.

"Қазір келесі жылға және одан кейінгі орта мерзімді кезеңге арналған әлемдегі климат ахуалы жайында түрлі болжамдар жарияланып жатыр. Климаттық күн тәртібі геосаясатпен және экономикамен тығыз байланысты. Мәселен, климаттың күрт нашарлап бара жатқанына және алдағы қуаңшылыққа байланысты алаңдаушылық жиі айтылады. Ауыл шаруашылығына жасанды интеллектіні енгізуге байланысты пікірімде осыған тоқталдым. Кейбір сарапшылардың пікірінше, 2027 жыл өте ыстық болуы мүмкін", — деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымынша, ауа райындағы ауытқулар қуаңшылыққа, өртке, су тасқынына душар етуі, соның салдарынан жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі қиындыққа тап болып, әлемдік жеткізу тізбегі бұзылуы ықтимал.

"Ауыл шаруашылығын дамыту және су ресурстарын басқару ісінде біз осындай қауіп-қатерлердің бәрін ескеруіміз керек. Біз бұл мәселені енді қолға алып жатырмыз. Бірақ жүрісіміз баяу. Өйткені еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету — ең маңызды міндет. Астанада Ислам ынтымақтастығы ұйымы аясында азық-түлік қауіпсіздігімен айналысатын халықаралық ұйымның штаб-пәтері орналасқан. Салалық министрлік аталған ұйыммен бірге әлемдегі күрделі ахуалды ескере отырып, Қазақстанға және біздің серіктестерімізге арналған ұсынымдар әзірлей алады", — деді Мемлекет басшысы.




Барлық жаңалық