✅ Пайдалы

Қазақстанда пәтер жалдау қанша тұрады?

Елдегі жалдамалы тұрғын үй нарығы жаңа кезеңге қадам басты. Мегаполистерде бағалар Еуропа астаналарының деңгейіне жақындай түссе, аймақтық орталықтарда қолжетімділік әлі сақталып отыр, деп жазады Ozgeris.info.


Жоғарғы баға Алматыда

 Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025 жылдың жазында жалға алу құны орта есеппен 8-12% өсті. Дегенмен өсім барлық өңірлерде біркелкі емеc. Астана мен Талдықорғанда баға бірден 30%-ға дейін көтерілсе, Алматыда өсім әлдеқайда баяу болды, ал Жезқазған мен Қонаевта керісінше арзандады.

Алматы – дәстүрлі түрде елдегі ең қымбат қала. Мұнда орташа жалдау ақысы шаршы метріне 5 200-5 480 теңге аралығында. Демек, аумағы 40-45 шаршы метр болатын бір бөлмелі пәтер айына 220-270 мың теңгеге түседі. Қаланың шеткері аудандарында жалдау ақысы 170 мың теңгеден басталса, орталықтағы және беделді Медеу, Бостандық, Алмалы аудандарында 350-400 мыңға жетеді. Заманауи жөндеуі бар үш бөлмелі пәтерлердің бағасы 700 мыңнан асып отыр. Салыстырмалы түрде, Алматыдағы жалдау құны Йоханнесбург, Фуджейра, Бордо немесе Неаполь қалаларымен шамалас.


Астана шаршы метрі 5 000 теңге

Астана биылғы жылы баға өсімі бойынша көш бастады. Орташа жалдау ақысы шамамен шаршы метріне 5 000 теңге. Сарыарқа ауданында пәтерді 115-140 мың теңгеге табуға болса, Есіл ауданындағы жаңа тұрғын үй кешендерінде бір бөлмелі пәтерлер 250-300 мыңнан басталады. Сол жағалаудағы Ботаникалық бақ пен Есілдің жағалауына жақын аумақтарда баға одан да жоғары. Премиум сегментте үш бөлмелі пәтерлердің жалдау құны 600 мыңнан асады. Бір жылда елордадағы баға 25-30%-ға қымбаттады. Бүгінде Ботаникалық бақ маңындағы пәтерді жалға алу Анталия, Будапешт, Кутаиси немесе Пенангтағы бағадан қымбатқа түседі.


Шымкент, Қарағанды, Орал...


Шымкент – үшінші мегаполис, мұнда жалдау құны қолжетімділеу. Қаланың шет аймақтарында бір бөлмелі пәтерді 70 мың теңгеден табуға болады. Ал жаңа кешендердегі бағалар 170-220 мың теңгеге дейін барады. Орта сегменттің кең болуы Шымкентті студенттер мен жас отбасылар үшін ыңғайлы қалаға айналдырады.
Қарағандыда орташа жалдау ақысы шаршы метріне 4 400 теңге шамасында. Қаланың орталығындағы бір бөлмелі пәтер 270 мың теңгеге жетсе, ескі үйлерде 100-120 мыңға табуға болады. Орал қаласында баға тұрақтылығы байқалады. Мұнда жалдау ақысы 90-250 мың теңге аралығында, соңғы уақытта күрт өзгерістер болған жоқ.

Ең арзан қалалар ше?

Павлодар – жалдау құны ең төмен индустриялық орталықтардың бірі. Ескі үйлердегі бір бөлмелі пәтерді 70-100 мың теңгеге жалға алуға болады, ал жаңа кешендерде 155-180 мыңға дейін барады. Үлкен пәтерлердің бағасы да 300 мыңнан аспайды. Мұнда сұраныс тұрақты, себебі қалаға өндіріс орындарында жұмыс істейтіндер көптеп келеді.
Ақтөбе мен Семейде соңғы бір жылда баға 20-22%-ға көтерілді. Қазір мұнда бір бөлмелі пәтердің құны 100-200 мың теңге аралығында.Талдықорған да қымбаттаған қалалардың қатарында. Бір бөлмелі пәтерлердің жалдау ақысы 80-180 мың теңге, жылдық өсім – 30%. Ал ең қолжетімді қалалар қатарында Тараз бен Түркістан бар. Мұнда бір бөлмелі пәтерді айына 60–120 мың теңгеге жалға алуға болады. Шаршы метрі шамамен 2 200-2 450 теңге.

Барлық жаңалық