Қоғам

Қазақстанда ірі автожол жобалары аяқталды

Қазақстанда ірі автожол жобалары аяқталды

Қазақстанда халықаралық маңызы бар 7 автокөлік дәлізі қалыптасты. Бұл туралы Үкімет отырысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Министрдің айтуынша, елімізде жалпы ұзындығы 95 мың шақырым автожол бар. Оның ішінде 25 мың шақырымы республикалық маңызы бар жолдар, олар Көлік министрлігінің қарауында. Бұл жолдардың 94%-ы нормативтік талапқа сай. Ал 70 мың шақырым жол облыстық және аудандық деңгейде, олардың жағдайы 91% нормативке сәйкес келеді.

Алдағы үш жылда жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп өңірлік жолдарды жөндеу және дамыту жұмыстары 5 есеге дейін ұлғайтылмақ. Нәтижесінде 32 мың шақырым өңірлік жолдың жағдайы 95%-ға дейін жақсарады деп жоспарланып отыр.

Министрдің сөзінше, бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін салалық нормативтерге өзгерістер енгізіліп жатыр. Қазіргі уақытта жол саласының стандарттарын жаңарту жұмыстары аяқталуға жақын.

Сонымен қатар соңғы жылдары бірнеше ірі жол жобасы аяқталған. Атап айтқанда:
«Қалбатау – Майқапшағай», «Талдықорған – Өскемен», «Атырау – Астрахан» және «Қарағанды – Алматы» бағыттары пайдалануға берілген. Бұл жобалардың жалпы ұзындығы шамамен 2000 шақырымды құрайды.

Жекелеген көлік дәліздеріндегі жүктеменің артуына байланысты алдағы уақытта оларды одан әрі дамыту және кейбір учаскелерін жаңғырту жоспарланып отыр.

Барлық жаңалық