Жаңалықтар

Енді рөлі оң жақта орналасқан көліктер такси бола алмайды

Енді рөлі оң жақта орналасқан көліктер такси бола алмайды

2025 жылдан бастап Қазақстанда такси агрегаторларына бақылау күшейтілді. Цифрлық ақпарат алмасу жолға қойылған. Мысалы, оларға 70 мың оң рульді көліктердің тізімі жіберілді. Бұл туралы Үкімет отырысында ішкі істер министрі Ержан Сәденов мәлімдеді, деп хабарлайды Ozgeris.info.  

Министр сондай-ақ жүргізуші куәліктерін автоматты түрде тексеру енгізіліп жатқанын атап өтті. Яғни, күәлігі жоқ адамдар жұмыс істей алмайды. Оған қоса, Көлік министрлігі мен такси агрегаторларына жүргізушілердің рейс алдында медициналық тексеруден өтуін, көліктердің техникалық тексеруі болуын бақылаудың нақты тетігін әзірлеу жоспарлануда.

«Ең үздік халықаралық тәжірибені зерделеп, енгізіп жатырмыз. Қазіргі уақытта, айыппұлды елемейтін «өрескел» құқық бұзушылар бар. Олармен күресу мақсатында “баллдық” жүйені енгізуді пысықтаудамыз. Ол – әрбір заңбұзушылықты және оның ауырлығын ескереді. Айыппұлмен қатар, бірнеше мәрте және ауыр бұзушылықтар үшін – жүргізуші куәлігін 1 жылға тоқтату көзделеді», – деді Ержан Сәденов.

 

 

Барлық жаңалық