🏛️ Саясат

Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-саттық: Олжас Бектенов пен Джевдет Йылмаз кездесті

Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-саттық: Олжас Бектенов пен Джевдет Йылмаз кездесті

Астанада Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Түркия вице-президенті Джевдет Йылмаздың қатысуымен Үкіметаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Бұл жүздесудің басты мақсаты — екі ел президенттері Касым-Жомарт Тоқаев пен Реджеп Тайып Ердоғанның бұған дейін берген тапсырмаларын орындау және алдағы мемлекеттік сапарға дайындық жұмыстарын пысықтау деп хабарлайды ozgeris.info сайты Ukimet ке сілтеп.

Түркия бүгінде Қазақстанның ең ірі бес сауда серіктесінің бірі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 9 пайызға өскен. Әсіресе отандық өнімдердің Түркияға экспорты 17 пайыздан асып, шамамен 4 миллиард долларға жетті. Олжас Бектенов Үкіметтің тек шикізат емес, өңделген, дайын өнімдерді сатуға мүдделі екенін атап өтті.

Инвестиция саласында да ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер бар. Соңғы 20 жылда Түркия Қазақстан экономикасына 6 миллиард доллардан астам қаржы құйған. Қазірдің өзінде жеңіл өнеркәсіп, құрылыс, металлургия және фармацевтика салаларында құны 4 миллиард доллар болатын 98 жоба сәтті іске қосылды. Ал алдағы уақытта тағы 50 жаңа жоба қолға алынбақ.

Кездесуде көлік және логистика мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Екі ел арасындағы теміржол тасымалы 2025 жылы 35 пайызға артып, 6,4 миллион тоннаға жеткен. "Орта дәліз" немесе Транскаспий бағытының маңызы артып келеді. Осы бағыт бойынша жеті жыл ішінде жүк тасымалы 5 есе өсіп, жеткізу уақыты 13 күнге дейін қысқарған. Ендігі кезекте тараптар порттарды жаңғыртып, цифрлық шешімдерді енгізу арқылы бұл көрсеткішті одан ары жақсартуды көздеп отыр.

Джевдет Йылмаз өз кезегінде Қазақстан мен Түркияны ортақ тарих пен мәдениет байланыстыратынын, сондықтан бұл серіктестік стратегиялық деңгейде жалғаса беретінін жеткізді. Кездесу қорытындысы бойынша алдағы кезеңге арналған "Жол картасы" әзірленетін болды.

Барлық жаңалық