Қазақстан экономикасы 2027–2029 жылдары жылына орта есеппен 5%-дан жоғары өседі. Бұл туралы Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин Құрылтай отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Оның айтуынша, базалық сценарийде мұнай бағасы барреліне 70 доллар деңгейінде есепке алынған. Осы кезеңде номиналды ЖІӨ 199,3 трлн теңгеден 245 трлн теңгеге дейін ұлғаяды деп болжануда.
Экономикалық өсімге өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және құрылыс салалары негізгі үлес қосады. Құрылыс қарқыны 2027 жылғы 16%-дан 2029 жылы 17,3%-ға дейін жетуі мүмкін.
Сондай-ақ көлік және қоймалау саласының жыл сайын орта есеппен 10,4%-ға, ақпарат және байланыс 9,2%-ға, сауда 5,7%-ға өсуі күтіледі.
Әмриннің сөзінше, 2027 жылы инфляция 7,5–9,5%, ал 2028–2029 жылдары 6–8% деңгейінде болжанған.
2027 жылы республикалық бюджет кірістері 19,9 трлн теңге болады деп жоспарлануда. Бюджет тапшылығы 2027 жылғы 2,3%-дан 2029 жылы 0,4%-ға дейін қысқарады деп күтіледі.
Сонымен қатар, Ұлттық қордан 2027 жылы 2 трлн теңге, ал 2028–2029 жылдары жыл сайын 1,5 трлн теңге көлемінде нысаналы трансферт қарастырылған.