📰 Сарапшылар пікірі

Сарапшы: Мыс концентратын өңдеу тарифіне қатысты дау – шын мәнінде саланың болашағы туралы дау

Сарапшы: Мыс концентратын өңдеу тарифіне қатысты дау – шын мәнінде саланың болашағы туралы дау

Мыс концентратын өңдеу тарифін айқындаудың жаңа әдістемесіне қатысты талқылау өндіруші және өңдеуші кәсіпорындар арасындағы пікірталасқа ұласып барады. Сарапшы Айбар Олжаевтың айтуынша, мәселе тариф мөлшерінде ғана емес, Қазақстанның алдағы 10–20 жылдағы мыс өнеркәсібінің даму бағытына байланысты, деп хабарлайды Ozgeris.info

Сарапшының сөзінше, бір тарап шығынның өсуінен қауіптенсе, екінші тарап металлургиялық қуаттарды жаңғыртуға қаржы қажет екенін алға тартып отыр. Алайда формулалар мен коэффициенттерге қатысты техникалық талқылаудың көлеңкесінде негізгі мәселе назардан тыс қалуы мүмкін.

Бүгінде Қазақстанның шикізат базасы ауқымды және ел мыс концентратын көп көлемде экспорттайды. Дегенмен өндірістің келесі технологиялық кезеңі – шикізатты ел ішінде өңдеу әлдеқайда баяу дамыған. Тәуелсіздік жылдарында елімізде заманауи кеніштер мен байыту фабрикалары пайда болғанымен, солармен салыстыруға келетін жаңа ірі мыс балқыту қуаттары іс жүзінде салынбаған.

Айбар Олжаев бұл жағдайды өзгерту қажеттігін Мемлекет басшысы бірнеше рет айтқанын атап өтті. 2026 жылғы ақпанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев заманауи өнеркәсіптік негіз қалыптастырып, өңдеу өнеркәсібіне көрсетілетін қолдауды күшейту қажеттігін мәлімдеген еді. Сондай-ақ Президент бастапқы өңдеуден өткен өнімді экспорттап, жоғары деңгейде өңделген тауарларды импорттау тәжірибесі «тоқтатылуға тиіс» екенін айтқан.

«Әлемдік нарық концентраттың бағасын анықтай алады. Бірақ ол Қазақстанның өнеркәсіптік даму міндетін шешуге міндетті емес. Егер шикізатты ел ішінде өңдеу экономикалық тұрғыдан тиімсіз болса, концентрат ірі әрі бәсекеге қабілетті қуаттар орналасқан мемлекеттерге кетеді. Жеке компания үшін бұл ұтымды шешім болуы мүмкін. Ал мемлекет үшін оның нәтижесі басқаша: шикізатпен бірге өндірістің келесі сатысы, инвестицияның, жұмыс орындарының, салық базасы мен технологиялық құзыреттердің бір бөлігі де шетелге ауысады», – деп жазды сарапшы.

Оның пікірінше, мемлекеттің міндеті өндіруші және өңдеуші компаниялардың арасынан жеңімпазды әкімшілік жолмен таңдамай, кен өндіру саласының бәсекеге қабілеттілігін сақтай отырып, ел ішіндегі өңдеудің жұмыс істеуіне және дамуына мүмкіндік беретін түсінікті экономикалық жағдай қалыптастыру қажет.

Осы тұрғыдан алғанда, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі әзірлеп жатқан әдістеменің мәні бір ғана тарифтік мөлшерлемені белгілеумен шектелмейді. Құжат нарық қатысушыларына өңдеу экономикасын алдын ала есептеуге мүмкіндік беретін бірыңғай әрі ашық ережелерді қалыптастыруы тиіс.

Қазір ең көп талқыланып жатқан мәселелердің бірі – тарифке инвестициялық шығындарды енгізу мүмкіндігі. Концентрат өндірушілер кез келген қосымша төлем олардың шығынын көбейтетінін айтып отыр. Сондықтан сарапшы инвестициялық құрамдас бөлік экономикалық тұрғыдан негізделіп, ашық есептеліп, нақты жобалармен байланысты болуы керектігін атап өтті.

Сонымен бірге металлургиялық зауытты тек күнделікті жұмысқа қажетті қаражат есебінен ондаған жыл бойы дамыту мүмкін емес. Жабдықтарды қайта жаңарту, экологиялық жаңғырту, энергия тиімділігін арттыру және жаңа қуаттар салу қомақты капиталды талап етеді.

«Егер мемлекет терең өңдеуді дамытуды көздесе, экономикалық модель қарапайым сұраққа жауап беруге тиіс: өңдеуге салынған инвестиция қандай көзден қайтарылады? Бұл сұрақты елемеу жаңғыртуды арзандатпайды, тек кейінге шегереді», – деді Айбар Олжаев.

Оның айтуынша, жаңғыртудың созылуы жұмыс істеп тұрған өңдеу қуаттарының біртіндеп жоғалу қаупін туғызады. Мұндай үрдіс әлемдік нарықта қазірдің өзінде байқалып отыр. TC/RC мөлшерлемелерінің төмендеуіне байланысты Жапония мен Филиппиндегі кейбір кәсіпорындар мыс концентратын өңдеу көлемін қысқартып немесе тоқтатып жатыр. Ал Намибиядағы зауыттардың бірі консервация режиміне көшірілген.

Сондықтан талқылаудың негізгі тақырыбы инвестицияның өзі емес, оны есептеудің ашықтығы, негізділігі және қаражаттың өндірістік қуаттарды дамытуға жұмсалуын бақылау тетігі болуы керек.

Сарапшы әлемдік Treatment Charge, яғни TC/RC мөлшерлемелеріне де тоқталды. Бұл көрсеткіштер нарық үшін маңызды бағдар болғанымен, олар концентрат пен балқыту қуаттарының жаһандық арақатынасын ғана көрсетеді. Өңдеушілердің шикізат үшін бәсекесі күшейген кезде мұндай мөлшерлемелер күрт төмендеуі мүмкін.

Бұл жағдайға Қытайдағы мыс балқыту қуаттарының мемлекеттік қолдау арқылы ауқымды түрде кеңеюі де айтарлықтай әсер еткен. Халықаралық энергетикалық агенттіктің дерегінше, 2005 жылдан бері әлемдегі мыс балқыту қуаттары өсімінің 90 пайыздан астамы Қытайдың үлесіне тиесілі. 2025 жылға қарай елдің үлесі әлемдік көлемнің шамамен жартысына жеткен. Соның салдарынан зауыттардың шикізат үшін бәсекесі күшейіп, TC/RC мөлшерлемелеріне қысым артқан.

Алайда әлемдік мөлшерлемелердің төмендеуі металлургиялық кәсіпорындардың нақты шығындарын жоймайды. Электр энергиясы, жөндеу жұмыстары, қызметкерлердің еңбекақысы, экологиялық инфрақұрылым мен жабдықтарға кететін шығындар әлемдік нарықтағы жағдайға қарамастан сақталады. Сондықтан халықаралық көрсеткіштер ескерілуге тиіс, бірақ оларды қазақстандық кәсіпорындардың экономикасына механикалық түрде көшіру дұрыс емес.

Сонымен қатар кен өндірушілердің мүддесі де қорғалуы қажет. Концентрат өндіруші компания не үшін төлейтінін түсініп, өңдеу қуаттарына қол жеткізудің ашық ережелеріне ие болуы және ұзақ мерзімді шығындарын жоспарлай алуы керек. Сарапшының пікірінше, әдістемені талқылау ұсынылған тетіктің тұрақтылығын ол түпкілікті бекітілгенге дейін тексеруге мүмкіндік береді.

«Әдістеме төңірегіндегі дау – бір тонна концентраттан түсетін бірнеше қосымша доллардың кімге бұйыратыны туралы дау емес. Бұл – елдің өнеркәсіптік моделі туралы мәселе. Егер Қазақстан шикізат экспортынан жоғары деңгейде өңделген өнім шығаруға көшуді көздесе, өңдеу кәсіпорындарын жаңғыртуға және жаңа өндірістер ашуға экономикалық жағдай жасауы қажет. Бірақ бұл талаптар шикізат өндірушілер мен өңдеушілер үшін бірдей ашық, түсінікті әрі болжамды болуы керек», – деді ол.

Айбар Олжаевтың бағалауынша, бірыңғай әдістеменің әзірленуі – қисынды қадам. Ендігі міндет – оны жекелеген кәсіпорындарды жасырын субсидиялау құралына да, ел ішіндегі өңдеуді экономикалық тұрғыдан тиімсіз ететін тетікке де айналдырмау.

Өңдеу экономикасын жаңғыртумен және жаңа қуаттар салумен байланыстыратын түсінікті механизм болмаса, жоғары деңгейде өңделген өнім шығаруға көшу саясаты декларация күйінде қалуы мүмкін.

«Күшті өнеркәсіптік саясат мемлекет жеңімпазды өзі таңдаған кезде емес, өндірістің келесі сатысына инвестиция салуды экономикалық тұрғыдан тиімді ететін ережелер қалыптастырған кезде басталады», – деп түйіндеді сарапшы.

Барлық жаңалық