Аймақтық экологиялық саммит барысында Қазақстан су ресурстарын басқарудың жаңа жаһандық моделін ұсынды. Сыртқы істер министрлігі мен Су ресурстары және ирригация министрлігі бірлесіп ұйымдастырған жоғары деңгейлі сессияда БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру мәселесі талқылана бастады деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов өз сөзінде қазіргі жаһандық су басқару архитектурасының тиімсіздігін атап өтті. Министрдің айтуынша, қазіргі жүйе бытыраңқы және институттар арасындағы үйлесімділік жеткіліксіз. Әсіресе, трансшекаралық ынтымақтастық пен инновацияларды енгізу мәселелері тиісті деңгейде назардан тыс қалып отыр.
«Қазақстан БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру бастамасын ілгерілетуде. Біз оны мемлекеттер мен халықаралық институттардың күш-жігерін үйлестіретін, деректер мен технологиялар алмасуды күшейтетін және бірлескен шешімдер қабылдайтын практикалық платформа ретінде қарастырамыз», – деді Нұржан Нұржігітов.
Министр бұл бастама су саясатын климаттық, энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігімен тығыз интеграциялауға мүмкіндік беретініне сенім білдірді. Қазақстанның бұл ұсынысы халықаралық серіктестер тарапынан қолдау тауып, жаһандық ынтымақтастықты нығайтудың маңызды қадамына айналуы тиіс.
Кеңес қорытындысы бойынша жиынтық есеп дайындалады. Бұл құжат 2026 жылдың желтоқсанында Абу-Дабиде өтетін БҰҰ-ның су ресурстары жөніндегі конференциясында нақты шешімдер қабылдау үшін негізгі бағыт болмақ.