Қазақстандық әуе компаниялар Дубай мен Дохадан Алматы және Астана қалаларына қосымша жолаушылар рейстерін орындап жатыр. Бұл рейстер Таяу Шығыста қалып қойған азаматтарды елге қайтару мақсатында ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі.
Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта аймақтағы геосаяси жағдайға байланысты рейстер алты мемлекеттің – Иран, Израиль, Ирак, Иордания, Сирия және Ливан – әуе кеңістігін айналып өту арқылы орындалып жатыр.
Air Astana 25 маусымнан бастап Дубайдан Алматы мен Астанаға, сондай-ақ Дохадан Алматыға тұрақты рейстерін қайта жандандырды. Бұдан бөлек, бұрынғы кейінге шегерілген ұшулардың жолаушыларын елге жеткізу үшін қосымша репатриациялық рейстер іске қосылды.
SCAT әуе компаниясы да Катардан Қазақстан азаматтарын эвакуациялауға кірісті. 25 маусым күні таңертең Доха – Алматы бағыты бойынша алғашқы рейс ұшып шығып, 213 жолаушы елге жеткізілді. Кешке қарай, сағат 14:30-да (Катар уақытымен) Дохадан Астанаға тағы бір рейс орындалады. Бұл рейспен 290 жолаушының оралуы жоспарланып отыр.
Министрлік алдағы күндерге арналған чартерлік рейстердің де кестесін жариялады: 27 маусым, 2025 жыл – Доха – Астана; 29 маусым, 2025 жыл – Доха – Алматы
Құзырлы органдар азаматтардың қауіпсіз әрі уақтылы елге жеткізілуі үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр.