Жаңалықтар

«Қазақмыс» нысандарындағы ұрлық: ІІМ бағалы кен мен жанармай ұрлағандарды құрықтады

«Қазақмыс» нысандарындағы ұрлық: ІІМ бағалы кен мен жанармай ұрлағандарды құрықтады

Ішкі істер министрлігі Ұлытау облысындағы «Қазақмыс корпорациясы» аумағында жүйелі түрде ұрлық жасап келген қылмыстық топтардың әрекетін әшкереледі. Polisia.kz сайтының мәліметінше, еліміздің стратегиялық маңызы бар қала құраушы кәсіпорындарындағы көлеңкелі схемалар мен экономикалық қылмыстардың жолын кесу мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде деп хабарлайды ozgeris,.info сайты.

Қылмыстық схемалар және өтелген шығын: Өткен жылдан бері полиция жергілікті қылмыстық топтардың жетекшілігімен құрамында бағалы металдары көп кен қорытпаларын ұрлаған бірнеше топты құрықтап, сотқа тапсырды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде кәсіпорынға келтірілген шығынның 94,5%-ы өтелген. Тек биылдың өзінде ірі көлемде шығын әкелген төрт ұрлық дерегі ашылды.

7 мамырдағы арнайы операция: Мемлекеттік күзет қызметімен бірлескен жедел іс-шара барысында компания аумағынан жанар-жағармай ұрлау және оны сатумен айналысқан күдіктілер ұсталды. Белгілі болғандай, ұрлық арнайы техникаға жалған жанармай құю және құжаттарды қолдан жасау арқылы жүзеге асырылып отырған.

Тінту және ұстау барысында мынадай айғақ заттар тәркіленді:

  • Бір тоннадан астам жанармай;

  • Ірі көлемдегі қолма-қол қаражат;

  • Қылмысқа қатысы бар көлік құралдары;

  • Оқ-дәрісі бар қару және өзге де заттай дәлелдемелер.

Сонымен қатар, бұл заңсыз схемаларға кәсіпорынның күзет құрылымдарында жұмыс істейтін жекелеген қызметкерлердің тікелей көмектескені анықталды.

«Қазіргі уақытта тергеу-жедел іс-шараларының кешені жүргізіліп, қаржылық-шаруашылық құжаттамаға талдау жасалуда. Алдын ала мәліметтер бойынша, кәсіпорынға келтірілген шығын аса ірі көлемде болуы мүмкін», — деді ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

Барлық жаңалық