Қоғам

Самсадан шыққан чип: Алматыдағы дәмхана жұртты дүрліктірді

Самсадан шыққан чип: Алматыдағы дәмхана жұртты дүрліктірді

Алматыдағы дәмханалардың бірінде сатылған самсадан ветеринарлық чип табылғаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Желі қолданушылары тағамға ит немесе басқа да белгісіз жануарлардың еті қосылуы мүмкін деген күдіктерін білдірді. Алайда, оқиғаның мән-жайы мүлдем басқаша болып шықты деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Алматылық тұрғынның самса ішінен ветеринарлық чипке ұқсас зат тапқаны туралы жазбасы қоғамда түрлі қауесеттің таралуына себеп болды. Тұтынушылар арасында "ас мәзірінде ит немесе мысық еті пайдаланылған жоқ па?" деген заңды сұрақ туындады.

Дауға қалған «Seker Almaty» дәмханасының әкімшілігі бұл күдікті бірден теріске шығарып, бейнежазба арқылы түсініктеме берді. Олардың мәлімдеуінше, тағамға тек сиыр, жылқы және қой еті ғана қолданылады.

«Адамдардың ЖСН-і болатыны сияқты, малға да ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендірудің (АЖШ) жеке нөмірі беріледі. Бұл чиптерді арнайы аппаратпен сканерлеп, малдың иесін, оның вакцина алғанын және күтімін білуге болады. Бұл құрылғы мал сойылған кезде байқалмай, еттің ішінде қалып қойған болуы мүмкін», — деп түсіндірді дәмхана өкілдері.

Скрин чипа в самсе

Мекеме басшылығы орын алған келеңсіздік үшін кешірім сұрап, тексерілмеген жалған ақпаратты таратпауды өтінді.

Алматы қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті (СЭБД) бұл факті бойынша ресми шағым түспегенін мәлімдеді. Мамандардың айтуынша, Кәсіпкерлік кодекске сәйкес, әлеуметтік желідегі жазбалар жоспардан тыс тексеру жүргізуге негіз бола алмайды. Тексеруді бастау үшін тұтынушы e-Otinish жүйесі арқылы дәлелдерін қоса отырып, ресми өтініш қалдыруы тиіс.

СЭБД өкілдері дайын өнімнен кез келген бөтен заттың табылуы санитарлық ережелердің бұзылғанын білдіретінін, бірақ бұл бірден "заңсыз ет қолданылды" дегенге дәлел бола алмайтынын ескертті. Нақты қорытынды тек зертханалық сараптама мен құжаттарды тексеру арқылы жасалады. Ереже бұзылғаны расталған жағдайда, кәсіпкерлік нысанға айыппұл салынуы немесе оның қызметі уақытша тоқтатылуы мүмкін.

Айта кетерлігі, резонанс тудырған жазбаның авторы қазіргі уақытта белгісіз себептермен өз жарияланымын желіден өшіріп тастаған.

Барлық жаңалық